«Алматы жастары» бағдарламасы төңірегінде дау туды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алматы жастары» бағдарламасы төңірегінде дау туды

04.07.2022

Баспаналы болсам деген үкілі үмітін үш жылдан бері үзбеген Дана Кенжеғалиева биыл да бағын сынап көрген. Алайда ұстаздың тағы да жолы болмады. Көкейіндегі сан сауалға жауап алу үшін бүгін басқармаға арнайы келді.

Дана Кенжеғалиева, №70 мектептің мұғалімі:

Осының алдында 2 мәрте мен резервте болдым. 3-мәрте қатысуым, бірден отказ келді. Дұрыс жауап сұраққа ала алмай жатырмыз. Өйткені, өздерінің берген құжаттар жинау тізімі мен біз жинаған тізім сәйкес келмейді дейді.

Медицина саласында 10 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан Мақпал Оразбаеваның да мәселесі осыған ұқсас. Айтуынша, құжаттарын дер кезінде толығымен тапсырған. Бірақ, сайтқа жүктеу кезінде техникалық ақаулар болған. Соның кесірінен бірнеше рет тіркедім дейді.

Мақпал Оразбаева, № 7 клиникалық аурухана қызметкері:

Құжаттар толық емес деп кері қайтарылды. Базада құжаттар жоқ болып кеткендіктен, мен қайта-қайта салдым. Өтініш жаздым. Өтінішімізді қарастырамыз, 15 күннің ішінде жауабын айтамыз деп айтты. Бірақ жауаптарына мен қанағаттанып тұрған жоқпын.

35 жасқа дейінгі мамандарға баспана алудың мүмкіндігін сыйлайтын «Алматы жастары» бағдарламасының қорытындысы осыдан 3 күн бұрын жарияланған. Байқауға 11 мыңнан астам өтініш түскен. Талаптарға сай келген 1700-ге жуық қызметкерге жолдама берілмек. Алайда Дана мен Мақпал секілді 9500-ден астам адамның өтініші қабылданбай қалған.

Ғалымжан Әбдішүкірұлы, қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:

Оның басты себептері, 5 мыңнан аса өтініш құжаттарын дұрыс тапсырмағанға байланысты болып шықты. 4 мыңға жуық адамдар бұл бағдарама талаптарына мүлде сәйкес келмейтін адамдар. Оның ішінде 65 адам ҚР бойынша меншікті жылжымайтын мүлігі бар адамдар қатысқан. Оның ішінде 123 өтініш соңғы 5 жылдың ішінде мүлігі болған. Оны сатып жіберген.

Жазира Оразқызы, тілші:

Инфрақұрылымды дамыту басқармасындағылар басты қателік бағдарламаға қатысушылардың өздерінен деп отыр. Себебі, жеңілдетілген несие алу үшін арнайы талаптар мен шарттар бар. Тек соған сәйкес келгендерге ғана баспана алуға жолдама беріледі. Десе де, бүгін басқармаға барып,өтініш қалдырғандарды қосымша қарастырамыз деп уәде етті.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу