ШҚО-дағы ең ірі кооперативте дау туды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-дағы ең ірі кооперативте дау туды

07.06.2022

Шығыстағы ең ірі ауылшаруашылық кооперативінде шу шықты. Оның құрамындағы 400-ге жуық адам өздерінің құрылтайшы екенін дәлелдей алмай дал болып жүр. Олардың айтуынша ұжымның қазіргі басшысы «өзі биі, өзі қожа» болып халықты әбігерге салған. Мәселені реттеуге жергілікті биліктің де құзыреті жетпей отыр.

Ақсуат өңірдегі ең ірі «Көкжыра» өндірістік кооперативі 26 жыл бұрын кеңшар тарағанда құрылған. Шаруашылықта ірі қарадан бөлек 16 мың асыл тұқымды қой өсіріледі. Бастапқыда ұжымға құрылтайшы болып кіріп, өзіне тиесілі малы мен жерін сеніп тапсырған жұрт қазір шулап қалдық, дейді.

Серікқазы Дүйсенбаев, Көкжыра ауылының тұрғыны:

Басқарған 6-7 жылдың ішінде өндірістік кооператив әрбір жылын шығынмен аяқтайды. Ешқандай өзгеріс жоқ. Не мал өспейді. Бұрынғы басшыдан қалған резерв малдардың бәрін сатып бітірді.

Мақсат Жұмағалиев, Көкжыра ауылының тұрғыны:

Енді халықта мал бағам дейтін жер жоқ. Одан кейін мына халық өзіне пай үлесін, жер үлесін міндетті түрде алуы керек бұл халықтыкі ғой.

Кооператив құрамында қазір 52 адам тіркеуде. Қалған 371-ін оның басшысы қолдан хаттама жасап өз бетінше тізімінен шығарып тастаған. Енді олар үлестерін де ала алмай отыр. Жеке шығып, шаруашылық құрғысы келетіндерге жер жоқ. Ауылдағы 98 мың гектар жайлым да ұжымының иелігінде.

Қаршыға Әміренов, Көкжыра ауылының тұрғыны:

«Менікі ғана» - деп тұр ғой жалпақ тілмен айтқан кезде. Дивиденд деген нәрсе болуы керек екен бұл жерде. Басқадай да берілуі керек екен. Каждый бидайдан берілуі керек екен. Он қойдың бір қозысы берілуі керек екен. Одан қылшық жоқ.

Ал, аудан әкімшілігі ауылшарушылық кооперативтері туралы заңға сәйкес ұжымның ішкі дауына араласуға құзыретіміз жетпейді, деп құтылды.

Қайрат Мауадинов, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары:

Бұл кооперативтердің қызметі тек қана өздерінің жарғысы. Шешім шығаратын құрылтай жиналысы болып табылады. Ал басқа дүниеде мемлекеттік органдар өндірістік кооперативтің ішкі жұмысына біздің араласуымызға біздің құқымыз жоқ.

Ал «Көкжыра» кооперативінің басшысы Бағдат Сағынаев ауылдақтар ұйымдастырған жиынға жоламайды. Іздеп барғандарға есігі тарс жабық. Тілдесіп көргенімізбен, жеке адвокатым ғана ақпарат береді, деп жауап қайырды. Алайда, адвокаты ұжым басшысының даулы мәселелерімен айналыспайтынын айтады. Енді бүтін бір ауылды әбігерге салған басшымен арадағы дауды тұрғындар сот арқылы ған шешуге бекініп отыр.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу