Сарыағашта  биыл  545 спорт жарысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыағашта  биыл  545 спорт жарысы өтті

13.10.2017

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында спорт қарқынды даму үстінде. Аймақта былтыр демеушілердің қаржылай көмегімен 8 спорт алаңы салынса, биыл мемлекет қаржысына типтік үлгідегі тағы 7 кешен соғылды. Бүгінде ауданда 6 мыңнан астам бала спортпен тұрақты шұғылданады. Осындай мүмкіндіктердің арқасында, жастар биік белестерді бағындыра бастады. Ал, бұқаралық спортқа тартылғандар 85 мыңға жетіп отыр.

Сара 12 жасынан бастап дзюдо күресімен шұғылданып келеді. Бүгінде Қазақстан чемпионы. Балуан бойжеткен сондай-ақ Еуропа және әлемдік додаларда да топ жарып жүр. Дзюдодан жуырда Қырғызстанда өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. 

Сара Құлым, Азия ойындарының қола жүлдегері:

- Жастар олимпиадасына жолдама алдым осы жақында. Енді алдағы мақсат ағайлардың,  жаттықтырушы-бапкерлерімнің үмітін ақтап, жүлделі орындардан көріну.

Сара секілді  спортта жетістікке жеткендердің ішінде боксшылар мен теннисшілер де бар. Ел біріншілігінде Сарыағаштың үш бірдей ұланы алтыннан алқа тақты. Жалпы, бүгінде ауданда 5 балалар спорт мектебі жұмыс істейді. 716 спорт нысаны бар. Онда 6 мыңнан астам жеткіншек жаттығады.

Марат Ахметов,  жаттықтырушы:

- Бастамасы аптасына 4 жаттығу бар бір балаға.  Жайлап соққыларды үйретеміз. Кішігірім матчтық кездесулер болады. Одан кейін аудандық жарыс болады.

Енді Сарыағаштан білекті зілтеміршілер мен  қол күресінің шеберлері шығатын күн де алыс емес. Биыл ауданда осы спорт түрлері бойынша үйірмелер ашылды. Балаларға бапкерлік жасау үшін орталықтан арнайы мамандар жұмысқа шақыртылды.

Мұқан Асилов, Сарыағаш ауданы Денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- Спорттың барлық түрінен аудандық, облыстық турнирлер, Қазақстан чемпионатын өткіздік. 545 жарыс өткіздік бір жылда және де ауданымызда 2 спорт түрінен бұрын-соңды болмаған Қазақстан чемпионатын өткіздік. Ұлттық күресіміз қазақша күрестен және дзюдодан

Жастарды қызықтыру үшін биыл ауданда даңқты спортшылармен бірнеше кездесулер өткізілді. Қанат Ислам, Дәулет Тұрлыханов, Жазира Жаппарқұл және Жұманазар Ерсұлтановтар балаларға спорттың қыр-сыры жайлы әңгімелеп берді. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде бұқаралық спорт та жанданып келеді. Аудан халқының 24 пайызы бүгінде спортпен тұрақты шұғылданады.  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу