Ақтауда азық-түлік бағасы шарықтап кетті

24.10.2019

Ақтауда азық-түлік бағасы шарықтап кетті. Әсіресе халық көп тұтынатын тауарлардың құны ай сайын еселеп өсіп жатыр. Мұны құзырлы мекеме басшылары да растап отыр. Қымбатшылық қарпайым тұрғындардың қалтасына ауыр тиюде.

Ләззат Сүлейменова қаладағы ең арзан деген базардан ғана азық-түлік алады. Бірақұл жерде де тауар бағасы әр келген сайын қымбаттайды деп налиды. Айлығы шайлығына жетпейтін әйел, үйден тамақ пісіріп сатып күн көріп отыр.

Ләззат Сүлейменова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Жаңа ғана ет дүкенінен бауыр алып келгенмін. 1 кг-ға жетпейді - 2000 теңге. Ақтауда тамақ қымбаттап кетті. Өмір сүру қиын қазір. Жағдай өте нашар.

Қарашаш Сабирова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Бұрынғыға қарағанда 2-3 есеге өсіп кеткен. Бұрын 20 мыңға алатын болсақ, қазір 40-50 мыңға аламыз. Бұл жоғарыдағылар не қарап отыр?

Базардағы кәсіпкерлер де мұндай қымбатшылықты бұрын соңды көрмеген. Олар да тауар бағасының күнде өсіп жатқанын айтады. Мысалы, бүгін 2 келі макарон – 415 теңгеден 480 теңгеге қымбаттаған. Ал 126 теңге тұратын қарақұмықтың бағасы қазір - 250 теңге.

Базаргүл Қыдырова, кәсіпкер:

Мысалы, жұмыртқа қымбат келіп жатыр 1 тг, 2 тг қосылады. Ұндар келіп жатыр алдында біз 8500-ден саттық, 2,5 келісін 3500 -ден сатып келдік. Қазір өте қымбат келіп жатыр 50 келі -9560 бірдемеден келіп жатыр.

Зульфия Орақова, кәсіпкер:

Сиыр еті 1700-1800-ден келеді бізге. Қостанай 1800-ден Орал 1700- ден. Біздің қосатынымыз 100-150 теңге. Халық өкпелейді неге қымбат сізде деп, ол бізге байналысты емес.

Мамандардың айтуынша, Ақтауда азық-түліктің бағасы жыл басынан бері 106,8 пайызға өсті.

Райра Қабдрахманова, Маңғыстау облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары:

Қазан айымен қыркүйек айын салыстырғанда манағы айтып кеткен көп тауалардың бәріне өсім бар. Азық-түлік тауардың 80 пайызы ТМД елдерінен келіп жатады. Сол себептен біздің азық-түлік тауарлардың бағалары жоғары деп ойлаймын.

Ақтауда жыл басынан бері азық-түлік емес тауарлар да 3,4 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ халыққа арналған ақылы қызмет түрлері - 1,3 пайызға өскен.

Ақерке ОРАЛБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу