Азық-түлік бағасы қымбаттамайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азық-түлік бағасы қымбаттамайды

23.08.2019

Саудагерлер енді әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15 пайыздан артық баға қоса алмайды. Жаңа заң жөнінде Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының өкілдері айтты.

Олардың сөзінше, жаңа жылдан бері 14 әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы шарықтап кеткен. Мәселен, сараптаманың нәтижесінде, пияздың бағасы - 159, сәбіз - 147, күріш - 124, картоп - 123, сиыр еті - 116, сары майдың құны - 114 пайызға өскендігі анықталған.

Бүгінде 29 ірі сауда орынында тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. «Тұрақтандыру қорында 2,5 мың тонна өнім бар», - дейді мамандар. Сонымен бірге, Алматы мен Жамбыл және Түркістан облысындағы кәсіпкерлер азық-түліктің бағасын қолжетімді ету үшін жиі жәрмеңке өткізеді.

Қарлығаш Әбдіжаппарова, қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:

Біз сараптама жасаған кезде тауарларға 40-50% қосылғандығын, тіпті кейбірінің 100 пайызға дейін жеткендігін байқадық. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге 15%-дан жоғары көтермеу туралы заң тек осы жылдың 15 тамызынан бастап күшіне енді. Бұдан бөлек, Алматы және Алматы облысының шаруаларымен тауарларды тікелей сауда орындарына жеткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу