Төртінші мұнай өңдеу зауыты Жезқазғанда салынуы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төртінші мұнай өңдеу зауыты Жезқазғанда салынуы керек

20.01.2014
Төртінші мұнай өңдеу зауыты Жезқазғанда салынуы керек

Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке төртінші мұнай өңдеу зауытын салуды тапсырған болатын. Бірақ, бұл зауыттың әзірге қай жерге салынатыны белгісіз.

 
Бұл ретте Мәжіліс депутаты Андрей Бегенеевтің өз ұсынысы бар. Оның пайымдауынша, мұнай өңдеу зауытын Жезқазған қаласына салу керек. «Географиялық орны мен экономикалық тұрғыдан бұл ұтымды болар еді», дейді ол.
 
Мәселен, мұнайлы өлке - батыс аймақ пен Орталық Қазақстанды қосатын «Бейнеу-Жезқазған» теміржолы келер жылы аяқталады. Мұнай қоры бойынша келесі орында тұрған Қызылорда облысы да Жезқазғаннан қашық емес.
 
Ал зауыт құрылысына қажетті ең басты материал - металды Қарағандыдан тасу әлдеқайда тиімді. Ең бастысы  Жезқазған аймағындағы кен орындары босап, жұмысшылар қысқартылып жатқанда, жаңа зауыт халыққа үлкен тірек бола алады.
Ал климаты әуе қатынасы үшін өте қолайлы.
 
 Жылдың кез-келген мезгілінде еш кедергісіз ұшып-қонуға болады. Яғни, бұл қалаға болашақта әуе ХАБ торабын салуға да зор мүмкіндік бар. Қазір депутат Андрей Бегенеев осы ұсынысы бойынша депутаттық сауал дайындап жатыр.
 
Андрей Бегенеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Егер төртінші мұнай өңдеу зауытын Жезқазған қаласына салатын болсақ, саяси және экономикалық тұрғыдан бұл жақсы идея болар еді. Өйткені, бұл қала - еліміздің орталығы. Ертеңгі күні аймақтарды да мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп отыруға өте қолайлы. Оның үстіне  Президент «Келер жылы  «Бейнеу-Жезқазған» теміржол желісі іске қосылады»,- деді. Яғни, зауыттың арқасында бұл жолдың да маңыздылығы артар еді.
 
Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу