Ресей қайтарып берген әскери полигондар экономикалық мақсатта қолданылады

02.02.2016
Ресей қайтарып берген  әскери  полигондар  экономикалық мақсатта  қолданылады
      Ресей қайтарып берген  әскери  полигондар  экономикалық мақсатта  қолданылады

Ресейге жалға берілген әскери полигондардың бірқатары Қазақстанға қайтарылды. Енді оларды экономикалық мақсатқа пайдалану жоспарланып отыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады

2015 жылдың 16 сәуірінде Қазақстан республикасы Қорғаныс министрлігі мен Ресей қорғаныс министрлігі арасындағы төрт хаттамаға қол қойылған болатын. Бұл хаттамалар бойынша Жамантау, Сарышаған, Тайсойған полигондарын пайдалану және жалға беру тәртібі өзгерген. Сөйтіп, Қазақстанға осы әскери полигондардың 1,6 млн гектар жері қайтарылған еді. Ал, қазір осы жерлерді экономикалық мүдделерге қолдану жоспарланып жатыр.

Мәліметтерге қарағанда ресейлік әскерилер қайтарып берген әскери полигондар орналасқан аумақта қазба байлықтар да аз емес. Сонымен қатар, бұл жерлердің бірқатар бөлігінен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойынша салынып жатқан жолдар өтетін көрінеді. Нақтырақ айтқанда, «Самара-Шымкент» бағытындағы автожол бұрыңғы полигондар арқылы өтеді. Одан бөлек, сынақ полигондарының Қазақстанға қайтарылған бөлігі Қарағанды мен Жамбыл облыстарының экономикалық әлеуетіне де оң ықпал етуі мүмкін. Яғни, бұрыңғы әскери полигондарды енді азаматтық мақсатқа пайдалануға болады.


Естеріңізге салар болсақ, өткен жылдың сәуіріне дейін Ресейдің Қазақстаннан жалға алатын әскери сынақ полигондарының жалпы аумағы 11 млн гектар еді. Оның 1,6 млн гектары өткен көктемде Қазақстанға қайтарылды.


Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу