Келер жылы Астанада қару-жарақ көрмесі өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келер жылы Астанада қару-жарақ көрмесі өтеді

09.11.2015
Келер жылы Астанада  қару-жарақ  көрмесі өтеді
Келер жылы Астанада  қару-жарақ  көрмесі өтеді

2016 жылдың мамыр айында Астанада «KADEX-2016» көрмесі өтеді. Бұл көрме әскери техника мен қару-жарақ үлгілеріне арналмақ. Осымен төртінші мәрте өткелі жатқан көрме Орталық Азиядағы ең үлкен қару-жарақ көрмесі болын есептеледі.

Астана іргесіндегі Қазақстан Республикасы Әскери әуе күштері базасында өтетін көрмеде 7 тақырып таңдалған. Көрмеде авиация техникасы, ұшқышсыз ұшатын аппараттар мен ғарыш технологиясы, Құрлық әскері мен Әскери теңіз күштері техникасы мен қару-жарағы, Әуе қорғанысы құралдары, әскерді техникалық қамтамасыз ету және тыл жұмыстары, ақпараттық технологиялар, байланыс жүйелері мен құрылғылары, әскери саладағы робот жасау техникасы, әскери саладағы балама энергия көздері сынды тақырыптарда техникалар мен жабдықтар көрсетіледі. Сонымен бірге көрме кезінде аймақтық және жаһандық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты түрлі жиындар да өтіп тұрады. Алдағы көрмеде ШЫҰ қорғаныс министрлерінің кеңесі жоспарланған. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанның қорғаныс министрлері шақырылды. Сондай-ақ, бақылаушы статусы бар Ауғанстан, Үндістан, Иран, Пәкістан және Моңғолиядан, серіктес елдер Беларусь, Түркия, Шри Ланкадан да лауазымды тұлғалар келуі мүмкін.. Қазіргі болжам бойынша көрмеге отандық және шетелдік 400 ге жуық компания қатысуы ықтимал. Көрме жалпы көлемі 45 мың шаршы метрлік 8 жабық павильон мен ашық алаңда өтеді. Сарапшылар көрмені 15 мыңнан астам маман мен 50 ресми делегация өкілдері тамашалауы мүмкін екендігін болжап отыр.

Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу