«KADEX-2016» көрмесі маусым айында өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«KADEX-2016» көрмесі маусым айында өтеді

23.02.2016
«KADEX-2016» көрмесі маусым айында өтеді

Астанада өтетін «KADEX-2016» халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінің статикалық экспозициясын ұйымдастыру үшін 15 мыңдай шаршы метр, сондай-ақ 8 жабық павильон бөлінді. Мұнда әлемнің әр елінен келген қатысушы компаниялар орналастырылады. Қазіргі уақытта 300-ден аса әскери техника өндіруші компаниялар өз өнімін көрмеде ұсынуға әзір. Бұл ретте шетел қатысушыларының, сондай-ақ таяу және алыс шетелдерінің меймандарынан өтінімдер келіп түсуде. Алдағы «KADEX-2016» көрмесі Астанада маусымның 2-і мен 5-і аралығында өтеді.

Аталмыш көрменің басты мақсатының бірі Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсібі кешенін жандандыру. Әскери мақсаттағы қазақстандық және шетел тауар өндірушілерінің бірлескен жұмысы үшін алаң ретінде көрме отандық қорғаныс-өнеркәсібі кешенін дамыту үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге «KADEX-2016» жетекші шетел және отандық тауар өндірушілерімен әскери-техникалық ынтымақтастықты жетілдіруге ықпал етеді, әрі қарай сатып алу үшін өнімнің түрлерін айқындауға мүмкіндік туғызады.

Бүгінгі таңда «KADEX» көрмесі 2010 жылдан бастап үш рет өткізілді. Оның басты нәтижесі әртүрлі мақсаттағы оптикалық-электрондық аспаптарды өндіру бойынша бірлескен кәсіпорындарды құру, радиолокация және радиоэлектрондық күрес жүйелерін шығару және техникалық қызмет көрсету, үш координаталы радиолокациялық станцияларды өндіру, сондай-ақ броньды кеудешелерді шығару бойынша бірқатар бірлескен өндірістер болды.

 

Хабарламаларға жазылу