Қолөнершілердің қайырымдылық көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қолөнершілердің қайырымдылық көрмесі ашылды

25.10.2014
Қолөнершілердің қайырымдылық көрмесі ашылды

Қарағандыда қолөнершілер мен суретшілер бас қосты. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мұрагер» атты жобасы аясында жиналған халық шығармашылығы өкілдерінің мақсаты санғасырлық өнерді насихаттау және арнайы өткізілетін аукцион арқылы қайырымдылық жасау. Көрмеге табиғи материалдардан жасалған сан түрлі әсем дүние қойылды.

Өскей Қыздарбеков саз балшықтың иін қандыра илеп, одан түрлі бұйым жасайтын шебер. Қарағандының сыздауытынан таңдап жүріп, шикізатты өзі жинайды екен. Әдемі етіп, келешек заттың пошымын жасап, кептіріп, артынша бояғанда мынадай керемет дүниелері жарқырап шыға келеді. Бұл өнер оған анасынан дарыған. Кейін Алматыдағы, Мәскеудегі көркемөнер оқу орындарын бітірген. Міне, 50 жыл болды әлі күнге санғасырлық тарихы бар өнерді тастамай келеді.

Өскей Қыздарбеков, қыш шебері:

Өзім сияқты адамдардың жұмыстарын көремін. Әрі мынау өнерімнің пайдасын да көремін. Сондай-ақ, ауырып жатқан балаларға көмегім тисе деген таза жүрегіммен келдім. Жалпы аяушылық деген бұл дүниеде болу керек қой.

Көрмеге еліміздің 11 облысынан халық шығармашылығының өкілдері келіп қатысуда. Олар екі апта ішінде жастарға ағаштан, теріден және түрлі металл мен табиғи тастан бұйымдар мен әшекейлер жасаудың қыр-сырын үйретпек. Әр қолөнершінің бірді-екілі туындысы арнайы аукционға қойылмақшы.

Алмагүл Сәлімбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық қорының директоры:

Қайырымдылық көрмесі аясында қолөнер шеберлерінің аукционынын өткіземіз. Түскен қаражаты науқас балаларға көмек көрсету  себінде тапсырмақпыз.

Халық шығармашылығы көрмесі осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Биыл айтарлықтай маңызы артып, қатысушылар саны көбейген. Мұндай игі бастамалар небір талантты шебердің  тасада қалмай халыққа танылуына үлкен септігін тигізбекші.   

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу