«Дипломмен ауылға» жобасының жүзеге асырылуы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дипломмен ауылға» жобасының жүзеге асырылуы талқыланды

19.09.2014
«Дипломмен ауылға» жобасының жүзеге асырылуы талқыланды

Қостанайда ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Күн тәртібінде қаралған басты мәселе – «Дипломмен ауылға» жобасының жүзеге асуы.

Елбасының бастамасымен қолға алынған мұндай қадам біріншіден, елдімекендердегі кадр тапшылығын шешсе, екіншіден, жастардың тәжірибе жинақтап, жұмыспен қамтылуына кең жол ашты.

Жоба жүзеге аса бастағаннан, бүгінге дейін ауылдық жерлерге 30 мың 617 маман қызметке келген. Олар ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларының мамандары. Жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлығы 24 миллиард 500 миллион теңге жұмсалған.

Мұның бір бөлігі мамандарды баспанамен қамтуға, енді екінші бөлігі бірреттік көмек ретінде берілген. Бүгінгі отырыста осы уақытқа дейін жүзеге асқан жұмыстар сарапталып, алда атқарылар міндеттер белгіленді.

Әсемхан Есмағанбетов, «Дипломмен ауылға» жобасына қатысушы:

Осы бағдарламаның арқасында қазір менің үйім мен жұмысым бар. Өзім жас әкемін, үш қызым бар.

Ғабидолла Әбдірахымов, ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары:

Қазір тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жеке компанияларда да жастар саясаты жөніндегі комитет құрылуда. Олардың нақты әрекет ету жоспарлары бар. Салыстыру үшін айтсақ, жергілікті атқарушы  биліктің жастар саясаты бағытын қаржыландыруы 6 есе өсіп, бүгінде 4,5 миллиард теңгеге жетті. Ал 2012 жылы бұл көрсеткіш 800 миллион теңгеге әзер жететін.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу