Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әріптестерін «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафонына белсенді қатысуға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әріптестерін «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафонына белсенді қатысуға шақырды

28.09.2016
 Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әріптестерін «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафонына белсенді қатысуға шақырды

Ертең сағат 10:00-де «Қазақстан»  Ұлттық телеарнасында тікелей эфирде «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафоны басталады. Осыған орай, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин әріптестерін шараға белсенді қатысуға шақырды.

«Ертең, 29-шы қыркүйек күні таңертеңгі  сағат 10-да «Қазақстан»  телеарнасында Елбасының тапсырмасымен  Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамашылық жасаған «Шын жүректен» қайырымдылық телемарафоны басталады. Бұл бастама ҚХА сессиясы кезінде көтерілген еді. Енді Ұлттық арнамен бірге тұрақты түрде ауыр науқасқа шалдыққан балаларға және тұрмыстың тауқыметіне душар болған азаматтарға қайырымдылық көмек ретінде қаражат жинау үшін ұйымдастырылмақ. Депутаттар әр уақытта да мұндай шарадан тыс қалған емес. Сондықтан,  ертең Сіздер мүмкіншілік тауып, қатысасыздар деп ойлаймын. Өтініш, барлығымыз белсенді қатысайық!»,-  деді Мәжіліс спикері.

Айта кетейік, қайырымдылық телемарафонына қоғам қайраткерлері, депутаттар, ақын-жазушылар, спортшылар, дәрігерлер мен ауыр науқасын жеңгендер қолдау білдіреді. Ал Қостанай, Өскемен, Орал, Тараз және Алматы қалалары тікелей эфирге қосылады.

Жоба алғаш рет 2016 жылдың сәуір айында жүзеге асырылды. Үшкүндік телемарафон қорытындысы бойынша шамамен 41 миллион теңге жиналды, ал, көмекке зәру балалардың барлығының есепшоттарына 700 мың теңгеден аударылды.  Қауырт желі, интернет-портал және әлеуметтік желідегі арнайы парақша арқылы 1000-нан астам өтініш түсті.

Хабарламаларға жазылу