Нұрлан Нығматулин: Мәжіліс депутаттары аймақтарда жұмыстарын жалғастыруда

28.07.2020
Нұрлан Нығматулин: Мәжіліс депутаттары аймақтарда жұмыстарын жалғастыруда

Қазір тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде орын алған коронавирус індеті барлық қызмет салаларында, оның ішінде депутаттардың жұмысына өз әсерін тигізді.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жыл сайын депутаттардың дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын аймақтарға сапары өзгеріп, Мәжіліс депутаттары өңірлерде қоғамдық бақылау аясында коронавирус індетімен күреске араласып жүргенін айтты.

«Парламенттік демалыс» - бұл қалыптасқан түсінік. Себебі, жұмыс жалғасуда. Тек жұмыс барысы Парламент қабырғасынан аймақтарға ауысты. Биыл біз мәжілісмендердің дәстүрлі кездесулерінің форматын өзгерттік. Басты мақсатымыз сақталды. Ол - еліміздің барлық шет және шалғай ауыларына бару. Депутаттар Қоғамдық бақылау аясында дәріханалар желілеріне мониторинг жүргізіп, ауруханаларды аралады. Халықты қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді бақылауға алып, дәрігерлердің жұмыс жағдайларымен танысты. Мәжілісмендер гуманитарлық көмектің жеткізілуі мен таратылуын қадағалап, көмекке мұқтаж тұрғындардың өтініштерін қабылдады»,- деді Нұрлан Нығматулин.

Сонымен бірге, Мәжіліс Төрағасы депутаттар қайырымдылық көмек көрсетіп, халыққа қиын уақытта қолдау көрсету үшін қайырымдылық жобаларына қатысып жатқандарын айтты.

Мәжіліс Төрағасы сессия барысында депутаттар Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирустың таралуына қарсы тұру, індет кезінде және жалпы елдің дағдарысқа қарсы дамуы жөніндегі бастамаларын заңнамалық қолдауды қамтамасыз ету мақсатында заңнамаға бірқатар түзетулер қабылдағанын атап өтті. Бұл ең алдымен, салық салу және әлеуметтік төлемдер мәселелеріне қатысты.

Сондай-ақ, Нұрлан Нығматулин қазір әлеуметтік желілерде депутаттардың шетелде демалып жүргені туралы ақпаратқа назар аударды.

«Мен бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын нақтылап айтқым келеді. Олардың барлығы елде, халыққа осы қиын кезеңнен өтуге көмектесуде. Біздің аймақтардағы жұмысымыз әлі де жалғасады. Бұл алдағы Парламент сессиясында қажетті заңнамаға өзгерістер енгізу керектігін талдауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде заңнамалық қоржында ондаған жаңа заң жобалары бар», - деді Мәжіліс Төрағасы.



Хабарламаларға жазылу