Ақтөбедегі жеті көшеге заманауи бағдарлама енгізілген «ақылды» бейне камералар орнатылды. Жүйе кез келген ереже бұзу дерегін қалт жібермейді. Жылдамдықты асырып, қарсы жолға шығып, не бағдаршамға бағынбасаң, заң алдында жауап бересің. Бұл – тәртіпті күшейтудің бірден-бір жолы, дейді мамандар.
Ақтөбеде 7 көшенің қиылысына жаңа бейне камера орнатылды. Шетелдік технологияға жетілдірілген бағдарлама енгізілген. Алыстан көреді. Қалт жібермейді.
Жылдам суретке түсіріп, орталық базаға сақтайды. 1 ай ішінде мекенжайға хаттама жіберіліп, жүргізуші айыппұл төлеп, не әкімшілік жауапқа тартылады. Тәулік болмай, тұзаққа түскендер аз емес.
Данияр Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы:
Жарты тәуліктің ішінде бұл камералар 200-250 жол ережесін бұзған жүргізушілерді тіркеді. 7 қиылыста тұрған жол сақшылары мұндай ереже бұзушылықты анықтай алмайды.
Бір камера 10 жол сақшысының қызметін атқарады. Қырағы құрылғы ереже бұзған көлікті жан-жақты түсіреді. Арнайы жасақталған компьютерлік бағдарлама инспектордың араласуынсыз әкімшілік хаттама толтырады.
«Ақылды» камера көлікті суретке түсіргенде жүргізушіге тағылатын айыппұл көлемін де өзі анықтайды. Бұл жерде «бармақ басты, көз қыстылық», жүрмейді.
Құрахмет Төкешов, Ақтөбе облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы, процесингтік орталық басшысы:
Алып тастауға ешқандай мүмкіндік жоқ. Барлығы автоматты түрде біздің Ішкі істер министрлігінің орталық базасына барлығы түсіп отыр. Негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлықты болдырмау. Екінші – жол жүру ережесін ұйымдастыру және жол-көлік оқиғаларын болдырмау.
7 бейнекамераны орнату үшін республика бюджетінен 40 миллион теңге жұмсалды. Жаңа технология шығынды ақтайды, дейді мамандар. Айыппұлдан бюджетке түсетін ақша артады. Тәртіп сақталады.
Бұл әлемдік тәжірибеде оң нәтиже берген іс. Қазақстанның барлық қаласына жетілдірілген бейнекамера орнатылып жатыр. Келер жылға дейін Ақтөбе көшелерінің тағы 5 қиылысына қондырылатын болады.
Әлия ТАЛАСОВА