Мәдениет үйі мәдени шараларды өткізуге жарамсыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәдениет үйі мәдени шараларды өткізуге жарамсыз

29.07.2014
Мәдениет үйі мәдени шараларды өткізуге жарамсыз

Қостанай облысының Дәмді ауылындағы Мәдениет үйі – мәдени іс-шараларды өткізуге жарамсыз. Ұзақ жыл қаңырап бос тұрған ғимарат, қазір апатты жағдайда. Ал, оны жөндеп қалпына келтіруге жергілікті билік қауқарсыз. Бәріне қаржы тапшылығы қолбайлау. Ауыл мәдениетінен неге мән кетті?

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Көрермендерді қуанышқа бөлеу үшін бұл сахнаға өнерпаздардың көтерілмегеніне 20 жылға жуықтады. Осынша уақыттан бері 460 адамға шақталған мәдениет үйі қаңырап бос тұр. Ал, сахнада музыка аспаптарының қалдықтары мен қоқыстар ғана шашылып жатыр.

Наурызым ауданына қарасты Дәмді аулындағы Мәдениет үйінің қазіргі сиқы осы. Тоқсаныншы жылдардың орта кезінде алдымен жылудан, кейін электр қуатынан ажыратылған ғимарат күтімсіздіктен тозып тұр. Шатырынан су аққандықтан төбесі мен қабырғасы бүлініп, шіри бастаған. Сондықтан, мәдени іс-шаралар жүргізуге жарамсыздығы өз алдына, ішіне кіру де қауіпті.

Ләззәт Сәбетова, мәдениет үйінің меңгерушісі:

Мәден шараларды негізінен мектептің акт залында өткіземіз. Өзіміз әкімдіктің ішіндегі бір бөлмеде отырамыз. Қағаз-құжаттарымыз да сонда.

Ал, кітапхана жеке тұрғын үйлердің біріне орналасқан. Әйтсе де, бұл ғимараттың да барлық талапқа сай келмейтіні көзге ұрып көрініп тұр. Аудан басшылары алдағы уақытта кітапхана үйін жөндеп, компьютерлендіреміз, деп уәде етіпті. Ал Мәдениет үйінің мәселесі  жабық күйінде қалып отыр.

Сүлеймен Ысқақов, Дәмді ауылы әкімінің міндетін уақытша атқарушы:

Жыл сайын мәселені көтереміз. Бірақ, қазіргі кезде аудандық бюджетпен ғимаратты қалпына келтіруге және ұстап тұруға қаражат табылады, деп айту қиын.

Билік өкілінің сөзіне қарағанда, Дәмдідегі Мәдениет үйі осы күйінде әлі ұзақ тұратын түрі бар. Жалпы, Наурызым ауданы бойынша осылай қаңырап қалған төрт ғимарат бар екен.

Оларды қалпына келтіру үшін орта есеппен әрқайсына 50-70 миллион теңге керек. Ал, мұндай қаржыны суырып бере салуға аудан бюджетінде артық ақша жоқ. Билік басындағылардың айтқанынан ұққанымыз осы.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу