Шучье-Астана ақылы тасжолына жаңа өзгертулер енгізіледі

24.07.2014
Шучье-Астана ақылы тасжолына жаңа өзгертулер енгізіледі

Шучье-Астана ақылы тасжолына жаңа өзгертулер енгізілді. Ақы төлеу бекетінде енді жетінші класс ашылды. Бұл класс бойынша 15 тоннадан жоғары жүк көліктеріне жаңа баға белгіленді.

Ерлан Нұрлановтың  жүк көлігінің жүргізушісі болып еңбек еткеніне 15 жылдай уақыт болды. Көкшетаудан Астанаға да жиі қатынайды. Жақында ақы төлеу бекетіндегі жаңа бағаны көріп, көңілі күпті болды.

Ерлан Нұрланов, жүргізуші:

Бұрын 4200 теңге төлеуші едік. Қазір 5200 болды. Бірақ, көбіне шопырлардың  қалталарын қағады. Бұрынғыдай емес, жанармай да қымбаттап жатыр. Дегенмен, тасымалдауға жолақы көтерілмейді.

«ҚазАвтоЖол» қызметкерлерінің айтуынша, ауыр салмақты жүк көліктері   жолдың бүлінуіне көп әсер етеді. 

Виктор Артемий, «ҚазАвтоЖол» АҚ  аға жол шебері:

15 тоннадан жоғары көліктерге арнайы жетінші класс ашылды.  Бұрын жол бойындағы елді мекендерде тіркелген   көліктер үшін тариф құны 4200 теңге болатын. Қазір 5200 теңге. Ал, тіркелмеген көліктерге  бұрын 5000 теңге болса, қазір  6000 теңге болды.

Ақылы жолдан түскен қаражат осы автобанды қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалды, дейді «ҚазАвтоЖол» қызметкерлері. Алдағы айдан бастап жетінші класс бойынша бекеттен жеке арнайы жол ашылатын болады. 

Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу