2020 жылға дейін Астана маңындағы бірнеше ауыл қалаға қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2020 жылға дейін Астана маңындағы бірнеше ауыл қалаға қосылады

21.07.2014
2020 жылға дейін Астана маңындағы бірнеше ауыл қалаға қосылады

2020 жылға дейін Астана маңындағы бірнеше ауыл қалаға қосылады. Елді мекендерді дамыту жоспарына сәйкес, елордаға біріктірілетін 34 ауылдың 30-ы  Целиноград ауданына қарасты екен. Елорданың қарқынды дамуы бүгінде бұл ауылдардың да өркендеуіне ерекше серпін беруде.

Сапарғали Айсин - Ақмолдың жергілікті тұрғыны. Ауылда су тоқтап, жарық сөніп, тұралап қалған кезеңді де көзі көрді. Бірақ, соңғы 4-5 жыл ішіндегі оң өзгерістер бұл қиындықты ұмыттырды. Қария әсіресе, үйінің іргесінен жаңа емхананың бой көтергеніне қуанышты.

Сапарғали Айсин, Ақмол ауылының тұрғыны:

Ішінде құрылғысы бар дейді. Соған барып денсаулығымызды жақсартып тұруға өте қолайлы болайын деп тұр. Ақмол жетінші жылы аудан болды. Содан бері көптеген өзгеріс болды. Су қазір үздіксіз беріледі. Бұрын екі сағат берілетін еді, қазір күні-түні ағып тұрады. Су мәселесі шешілді.

Су тазалайтын мына құрылғының қауқары шағын бір қаланы сумен қамтуға жетеді. Мұнда күніне 3 мың текше метр су тазартылады. Жақын күндері ауданға қарасты ауылдарға ауызсу осы жерден жіберіледі. Бүгінге дейін ауызсудан таршылық көріп келген іргедегі Қараөткел ауылына қазір 250 шақырымдық су құбыры тартылуда.

Бақберген Мәуленов, Целиноград ауданының әкімі:

Астанаға жақын жатқан елді мекендер Елбасының тікелей бақылауында тұрғаннан кейін стратегиялық маңызы бар мекемелер қосылып жатыр. Су мәселесі, жол мәселесі, электр жарығы мәселесі, одан кейін балабақша мен мектептер мәселесі шешілуде. Былтырдың өзінде 4 мектеп, 4 балабақша қосылды.

Ал, жыл соңынан дейін 96 разъезд бен Қызылжар ауылында 300 орындық екі мектеп, Қажымұқан, Тайтөбе ауылдарында 140 орындық екі балабақша пайдалануға берілмек. Жыл басынан бері үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 4 жоба, өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде 7 ірі жоба іске қосылды.

Олар: ауыл шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету салаларын қамтиды. Нысандардың жалпы құны - 19 миллиард 7 миллион теңге. Сондай-ақ, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 72 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Бұдан өзге жас мамандарға 45 пәтерлік қызметтік тұрғын үй тағы салынбақ.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу