Премьер-Министр Асқар Мамин: 5G пайдаланудың басымдығын дұрыс анықтап алу қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр Асқар Мамин: 5G пайдаланудың басымдығын дұрыс анықтап алу қажет

01.10.2019

Биыл 685 ауыл-аймақ интернетке қосылады. Ал 2020 жылы тағы 509 елді мекен желіге жалғанады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты. Сөйтіп 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық жерге жылдамдығы жоғары интернет жетпек. Ал Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалаларға 5G желісі енгізіледі. 5G-дің қызығын қашан көреміз? Сапасы мен бағасы қандай болмақ? Ең бастысы оның бізге берер пайдасы не?

Ауылдағы ағайын интернетті игеруде қалалықтардан қалыс қалмайды. Электрондық қызметтер мен сервистерге жүгінеді, интернет дүкенде саудасын қыздырады. Себебі алдағы 3 жылда ауыл-аймақ дерлік интернеттің игілігін көрмек.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл Интернет желісіне қосылады, ал 2020 жылы қалған 509 ауылды қосу жоспарлануда. Екінші кезең - LTE (4G) стандартындағы мобильді желілерді дамыту арқылы 3 143 ауылды, 2019 жылы – 574, 2020 жылы – 1 046 және 2021 жылы – 1 523 ауылдарды интернетпен қамту жоспарлануда.

Адам саны 50-ден жоғары елді-мекендер де интернетке қосылады. Осындай 885 ауыл ғаламтор ғажайыптарына куә болмақ. Ал 2021 жылы еліміздің ірі шаһарлары – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентке 5G келеді. Сосын екі жылдан соң ол барлық облыс орталықтарына жетеді. 

Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы:

Бірінші-видеоконференциялар. Ол 5G арқылы болады. Электрондық қызметтерді орналастыра алады. 5G көп нәрсені өзгертеді. 4G қосқанда біз көрдік Facebook пен Instagram өмірімізге келген.

Жылдамдығы желдей желі қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты жояды. Әлбетте, ел экономикасын цифрландыруға ықпалы ерек. «Сондықтан құны қымбат жүйені жаратудың нақты жобалары керек»,-деді Асқар Мамин.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

5G байланысын енгізу тек телекоммуникация саласына ғана емес, өнеркәсіптің жаңа салаларының пайда болуы мен дамуына елеулі серпін беріп, экономиканың дамуына үлкен үлес қосады. Бұл өзекті әлемдік тренд, алайда 5G өте қымбат байланыс түрі. Сондықтан оны пайдаланудың басымдығын дұрыс анықтап алу қажет. 2020 жылға қарай өңірлерде, соның ішінде алдымен Нұр-Сұлтан қаласында 5G-ді тиімді пайдалану жөнінде тиісті жобалар әзірлеу керек.

Айтпақшы, 5G желісі енгізілгенде сіз бен біз телефонымыздың сим-картасын ауыстырып әуре болмаймыз. Оны компьютердегі бағдарлама өзі реттейді. Интернет құны да қымбаттамақ емес.

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

2022 жылға дейін 5 мыңнан астам шалғайдағы ауыл-аймақ интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл шамамен ауыл тұрғындарының 97 пайызын құрайды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында осыны айтты. Осы ретте Үкімет басшысы бүгін жауапты басшыларға тапсырманы тыңғылықты орындап, ең бастысы интернеттің сапасына мән беруді қадап тапсырды.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу