400-ден аса отбасы қоныс тойын тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

400-ден аса отбасы қоныс тойын тойлады

05.07.2014
400-ден аса отбасы қоныс тойын тойлады

Астана күні мерекесі қарсаңында еліміз бойынша 400-ден аса отбасы қоныс той тойлады. Қос-қабат қуанышқа Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау және Жамбыл облысының тұрғындары кенелген. Жаңа пәтерлердің кілтін алғандардың арасында  соғыс ардагерлері, көп балалы отбасылар және жетімдер бар.

Тараз қаласының іргесінен «Бәйтерек» деп аталатын жаңа мөлтек аудан салынып жатыр. Су жаңа пәтерлердің кілті 140 отбасыға осы жердегі үйлерден берілді. Баспаналы болғандардың бірі - Елібай Баймаханов. Төрт баланың әкесі отбасын қуанышқа бөлеген осы күнді 20 жыл күтіпті.

Елібай Баймаханов, Ауған соғысы ардагері:

Астана мерекесінде баспаналы болып жатқанына өте қуаныштымын. Оны жақсылыққа балап отырмын. Енді осы шаңырағым Астана секілді қонақжай, несібелі, сәулетті болады, деп ойлаймын.

Астана күні қарсаңында Қызылорда тұрғындарында да қос-қуаныш. Мұнда 232 отбасы қоныс тойын тойлады. Олар пәтерді Тасбөгет кентінің жаңа ықшам ауданда салынған алты көп қабатты үйден алды. Бұдан басқа, тағы 2 тұрғын үй қолданысқа берілді. Баспаналы болғандардың дені - жас отбасылар.

Абзал Бектібаев, қала тұрғыны:

Қуанышымыз шексіз. Пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Жас отбасымыз. 29 жастамыз. Төрт балалы жанұямыз. Астана күні құтты болсын. Өркендей берсін!

Ал Атырауда жаңа баспанаға мемлекеттік қызметкелер, мүмкіндігі шектеулі жандар және жетімдер ие болды.

Қазиба Қайыр, қала тұрғыны:

Бірнеше жылдан бері жатақханада 3 бала және 3 келініммен бір бөлмеде тұрып келдік. Енді, мынау 3 бөлмелі пәтер алып жатырмын.

Салтанатты түрде жаңа пәтер кілттерін алғандардың қатарында Солтүстік Қазақстан тұрғындары да бар. Бұл өңірде 6 судья баспаналы болды.

Берік КӨШЕРБАЕВ,  

Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Сәбит САҒЫНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу