Көпбалалы отбасы баспанаға мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбалалы отбасы баспанаға мұқтаж

18.03.2014
Көпбалалы отбасы баспанаға мұқтаж
Туберкулез дертінің ауыр түріне шалдыққан төрт баланың әкесі тиісті емін қабылдай алмай жүр. Қостанай облысының Рудный қаласында тұратын Нұржан Қалбановтың жеке баспанасы жоқ. Пәтер жалдайды. Сондықтан «Ауруханаға жатсам отбасым ешқандай кіріссіз және баспанасыз қалады»,- деп қамығады отағасы.
 
Қалбановтар отбасы Рудный қаласына 2010-шы жылы көшіп келді. Отағасы Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатына жұмысқа орналасты. Табысы баспана сатып алуға жетпесе де, пәтер жалдап күн кешуге жарап тұр еді. Бір үйлі жанның біртоға тірлігін бұзған - кенеттен жабысқан ауыр дерт.
 
Нұржан Қалбанов, отағасы:
Жатсам екі жыл емделу керек. Ал, балаларым қайда қалады? Балалар үйіне  өткіз, дейді. Ал, әйелім ше? Төркініне жібер, дейді. Сонда быт-шыт боламыз ғой. Жоқ, бара алмаймын.
 
Қалбановтар көпбалалы отбасы ретінде үйдің кезегінде тұр. Бірақ, 2018 болып тіркелген оларға таяу уақытта баспана бұйырмасы анық. Соны білген отағасы өзі емделіп оралғанша бала-шағасы паналайтын уақытша баспана сұрапты. Алайда, әкімдіктегілердің құрғақ кеңес бергеннен басқа көмегі жоқ.
 
Елена Скаредина, Рудный қаласы әкімінің орынбасары:
Қосымша жұмыс істесін. Пәтер жалдауға ақшасы жеткілікті болатындай. Аз қамтылған отбасы ретінде құжаттарын дайындаса бір реттік жәрдемақы алуға болады. Біздің қалада уақытша паналайтын бейімдеу орталығы ғана бар. Бірақ, мен бұл отбасыға онда баруға кеңес бермес едім.
 
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Бір отбасындағы алты адамның паналағаны осы қуықтай бөлме. Отбасы пәтерақыға айына 35 мың теңге төлейді. Онша жөндеу көрмеген үй, қыста суық. Терезеден гулеп жел үреді. Соның өзінде пәтер иесі жалға беру ақысын тағы 5 мың теңгеге көтеремін, деп отыр.
 
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу