Мүгедектерге арнайы қызмет түрі көрсетіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүгедектерге арнайы қызмет түрі көрсетіле бастады

29.01.2014
Мүгедектерге арнайы қызмет түрі көрсетіле бастады
 
Атырау облысындағы халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары мүмкіндігі шектеулі жандар, оның ішінде құлағы естімейтіндер мен тілі кемістер үшін арнайы қызмет түрін көрсете бастады.
 
Мекеменің 15 қызметкері арнайы оқу курсынан өтіп, қазір тілі мен құлағында мүкісі бар жандармен ыммен сөйлесіп, оларға қажет анықтамаларын жылдам алуға септігін тигізуде. Осылайша, орталыққа қажеттілік қамымен барған мүгедектерге барынша оңтайлы, кедергісіз қызмет көрсетіліп жатыр.
 
Қазіргі уақытта Атырау облысы бойынша 700-ден астам мылқау мен саңырау тіркеуде тұрады. Олардың барлығы тілдесудің машақатын тартып жүргені аян. Сондай жандардың бірі - Қуаныш Бейсенғалиев. Халыққа қызмет көрсету орталығына келген оның қуанышында шек жоқ. Ол мұндай қызмет түрін   үкімет тарапынан көрсетілген ерекше қолдау деп біледі.
 
Қуаныш Бейсенғалиев, 3-топтағы мүгедек:
Мен іс-құжаттары бойынша ЦОН-ға келдім. Мекен жай анықтамасын алу үшін. Бұрын біз аудармашымен жүрсек, қазір осындағы қыздар бізге көмектеседі. Мен өте қуаныштымын. 
 
Халыққа қызмет көрсету орталығы қолға алған тәсіл облыс пен аудан орталықтарындағы негізгі бөлімшелердің барлығына енгізілді. Бұл болашақта мүгедектер үшін кедергісіз қоғам орнату жолындағы игі істердің бірі ғана.
 
Ербол Серғазиев, облыстық ХҚКО директорының орынбасары:
«Саңыраулар қазақ қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық   өкілдерінің көмегімен осы былтырғы жылы желтоқсан айында оқыту курстары өткізілді. Біздің халыққа көрсету орталығының 15 қызметкеріне. Қазіргі таңда олар толығымен тәлім алып, жұмыстарын бастап кетті.
 
Бұдан басқа, орталықта есік алдына жетіп, арнайы қоңырауды басқан кез келген мүмкіндігі шектелуі жанды арнайы адам күтіп алып, жеке, кезексіз қызмет көрсетеді. Ал жүре алмайтындарға мобильдік топ өкілдері өздері барады.
 
Сондай-ақ, заңға сәйкес әр мекеме қызметкерлерінің 3 пайызы мүгедектерден құрылуы тиіс. Осы мақсатта былтыр 4 адам жұмысқа алынған. Мұндай игі іс биыл да жалғасатын болады. Мекеме басшылығы кәсіптік білімі бар, мүмкіндігі шектеулі тағы 8 маманды жұмысқа қабылдамақшы.      
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ
 
 

Хабарламаларға жазылу