Аязда көлігі от алмай қалғандарға көмек беретін кәсіпкерлер көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аязда көлігі от алмай қалғандарға көмек беретін кәсіпкерлер көбейді

11.01.2014
Аязда көлігі от алмай қалғандарға көмек беретін кәсіпкерлер көбейді

Аязды күнді тілеп отыратындар бар екен. Әсіресе, Арқа төсіндегі Астананың бет қаратпас аязында. Су жаңа көліктердің өзі от алмай жатады. Ескілерін айтпаса да болады. Міне, сондай сәтті пайдаланып, көлікті қыздырып беруді кәсіпке айналдырғандар жолға тізген. Бағасы да удай. Ақшаңыз қалтаңызда қалып, көліңігіңізді өз күшіңізбен қозғалтудың басқа амалы бар шығар енді. Көрейік.

 
Бекболат жұмысына жете алмай дал. Аулада тұрған көлігі аязда қатып, от алмай қалды. Өз бетінше жөндеп те көрді. Болмады. Соңында мамандардың көмегіне жүгінді.
 
Бекболат Базаров, қала тұрғыны:
Қатты аяз түсіп, машинам от алмай қалды. Бүгін жұмысқа кешігіп қалдым. Көлік қыздырушыларға хабарластым. Қазір келуі керек.
 
От алмай қалған көлікті қыздыру кәсіп көзіне айналғалы қашан. Тіпті, осы бағыттағы арнайы сервис орталықтары да бар. Оларға жәй күндері 20, ал аязды күндері 100-ге жуық шақыру түседі. Мамандар темір тұлпардың моторына жылу жіберіп, істен шыққан көлікті бас-аяғы бір сағатта қозғалысқа келтіреді. Еңбегіне сұрайтын ақысы да аз емес. 
 
Руслан Семкин, «Хот Сервис» орталығының директоры:
Елдер машинамыз қатып қалды деп хабарласып сұрайды. Бағасы 8 мыңнан жоғары бізде. Ол машинаға байланысты.
 
8 мың теңге аз ақша емес. Сондықтан, мамандар мұндай жағдайдың алдын алуға кеңес береді.
 
Сергей Буслер, көлік жөндеу орталығының маманы:
Сапасыз май, арзан свеча, тығыздығы төмен аккумулятор. Осы үш нәрсе қыста көлікті істен шығаруы мүмкін. Маңыздысы май. Нашар май қыста қоюланып бірден сыр береді. Демек, аязды күнге ол төтеп бере алмайды.
 
Қыстың көзі қырауда автоматты қыздыру жүйесін қолданатын жүргізушілер де бар. Бірақ, мамандардың айтуынша құрылғыны бірнеше мәрте қолдану көлікке зардабын тигізуі мүмкін. Ал қарапайым халықтың қатып қалған көлікті жібітуде өз тәсілдері бар.
 
Халық пікірі:
Аккумулятор тоңып калады аязда, соны кешке шешіп, пештің жанына қойып қойса тез оталады.
 
 Енді бұрынғы кездегідей қыздыру үшін су құямыз, майды жылыту үшін астына от ұстаймыз.
 
Суып қалған жағдайда моторды киізбен орап, дәнекерлейтін шаммен қыздырамыз. Киіз жанбайды.
 
Арқаның аязды күндері әлі алда. Қаңтардың қақаған суығы мен ақпанның ақырған аязында Бекболат сияқты абдырап қалмау үшін, кеңестерім қаперіңізде болсын.
 
Айдана ҮСЕНБАЙ
 

Хабарламаларға жазылу