Әке көрген оқ жонар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әке көрген оқ жонар

08.01.2014
Әке көрген оқ жонар

Көкшетаудағы Мәкеновтар отбасындағы ағайынды жігіттер әкеден мирас болып қалған ата кәсіпті үлкен жауапкершілікпен жалғастырып келеді.

 
Негізінен олар қазақтың ұлттық тағамы ет салуға арналған астаулар жасаумен айналысады. Ал кәсіби шеберлікпен атқарылатын бұл жұмыс аса ыждаһаттылық пен төзімділікті талап етеді.
 
Отағасы Еркеш Мәкенов осыдан 15 жыл бұрын алғаш рет мына астауды жасапты. Назира Мәкенова қобдишаға салынған қашауларды көрген сайын жұбайының астау жасап жатқан бейнесін сағынышпен есіне алады.
 
Нәзира Мәкенова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Міне, 1997 жылдан бастап, осы істі бастаған болатын. Қиын кез еді. Бір астаумен көтерілді. Өкінішке қарай жанымызда жоқ, сегіз ай болды...
 
Әкесі өмірден озғанымен, оның бастаған ісін қос ұлы жалғастырып әкетті. Олар бұл кәсіпті күн көрістің амалы емес, ұлттық өнердің өрісін кеңейтудің қарекеті деп түсінеді. Қайыңнан бір астауды жасау үшін кемінде үш күн жұмсалады, дейді олар. 
 
Ермұхамет Еркешұлы, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Мынау бас астау. Бұл - бас тартуға арналған. Мынау дөңгелек астау, бұл - дөңгелек үстелге арналған. Мынау үлкен астау. Ол бір табақ етке арналған. Мынау үш қанатты. Мыналар орташа астаулар.
 
Астаулар көбіне тапсырыс бойынша дайындалады. Бағалары да ыдыстың көлеміне орай әрқалай. Осылайша, ата кәсіптен нәсіптерін тауып отырған жас қолөнер шеберлері әке жолын қуғандарына өте риза.
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу