Қостанайда асылтұқымды бұқаға ескерткіш қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда асылтұқымды бұқаға ескерткіш қойылды

04.01.2014
Қостанайда асылтұқымды бұқаға ескерткіш қойылды

Қостанай облысында асылтұқымды «Әулиекөл» бұқасына биіктігі үш метрлік ескерткіш орнатылды. Тәулігіне мың, мың екі жүз граммға дейін салмақ қосатын, ең ірілері 1,5-2 тонна тартатын бұл түлік - аймақтың мақтанышы. Етті бағыттағы «Әулиекөл» тұқымы 30 жылдық селекция жұмыстарының нәтижесінде пайда болған.

 
1992 жылы «Әулиекөл» тұқымы арнайы бекітілгенде, мал саны 12 мыңға жетіпті. Кейін тоқырау жылдары бұл көрсеткіш 1300-ге дейін құлдырап кеткен. Алайда мемлекеттің қолдауының арқасында жағдай түзелді. Бүгінде түліктің саны 3500-ге көбейді. Ендігі мақсат - сапасын төмендетпей сақтау.
 
Зейнолла Жаңбыршинов, Москалев асылтұқымды мал зауытының директоры:
100-200 бұзауға шөбін-жемін өлшеп береміз. Сол мал қай бұқадан? Қайсының әкесі қайсы? Тұқымды жақсартушы ма, әлде төмен көрсеткіш бере ме? Соны тексеріп аламыз.
 
«Әулиекөл» тұқымы жергілікті табиғатқа бейімделген, суыққа төзімді. Төлдеуі де жеңіл. Соның арқасында көп шығынға ұшырамайды, тез көбейеді.
 
Құрмет Қанапиянов, зоотехник:
Мынау тұрған 160 қашар.  Сәуір айында бұзаулайды.
 
Мұндағы түлік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шаруаларға мал тұқымын асылдандыру үшін сатылады. Биыл осылай әрқайсы 392 мың теңгеге бағаланып 300-ден аса зеңгі баба тұқымы саудаланған. Дегенмен шаруашылықтың шығынын өтеуге бұл аздық етеді.
 
Зейнолла Жаңбыршинов, Москалев асылтұқымды мал зауытының директоры:
Көп халық жеке сатып алайын десе ретін білмейді. Шаруалар келіп 1-2 бас, 10 шақты бас сатып алады. Соның көбісі келгенде интернеттен көрдік, содан келіп жатырмыз дейді. Сондай кемшіліктер бар.
 
Амал жоқ бағасы алтынға парапар түлікті етке өткізуге де тура келеді. Мұндайда бір сиырдың құны 390 мыңнан 120-мыңға дейін төмендейді. Тығырықтан шығаратыны - әр түлікке жыл сайын 12 мың теңгеден мемлекет төлейтін субсидия.
 
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Әулиекөл кентіне кіреберісте тұрған мына асылтұқымды бұқаның мүсіні жуырда ғана орнатылған. Бұл біріншіден - осы ерекше түрдің қалыптасуы үшін аянбай тер төккен адамдардың еңбегіне қойылған ескерткіш. Екіншіден - аймақтың мақтанышына айналған түлікті күре жолмен жүрген көпшілік көрсін, білсін, танысын деген ниет.
 
 
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу