Маңғыстауда бұқаралық спорт дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда бұқаралық спорт дамып келеді

18.04.2019

Маңғыстау өңірі спорттық нысан салудан еліміз бойынша алғашқы орында. Былтырдың өзінде 33 ғимарат қолданысқа берілді. Тағы 11 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қазір спорт кешендерінде, мектептегі спорт залдарда, теңіз жағасындағы воркаут алаңдарда бұқаралық спортқа бет бұрғандардың саны - 225 мыңнан асқан. Бұл - жергілікті халықтың 33,2 пайызы.

Каспий теңізінің жағасында жағалай салынған street workout алаңдары қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналды. Таза ауады спортпен айналысуға жасы да, жасамысы да ынтық. Былтыр облыста дәл осындай 10 орталық ашылды. Спорт нысандарын іске қосуда кәсіпкерлердің үлесі басым. Соңғы жылдары олар 50-ден астам ғимарат тұрғызды. 11 футбол алаңын жөндеп берді. Соның бірі - «Жас қанат» спорт кешені.

Нұрым Сарғұлов, «Каспий» футбол клубының спорт директоры

- «Жас қанат» стадионын инвесторлар қайта жөндеуден өткізді. Қазір алаң барлық стандарттарға сай жабдықталған. «Каспий» футбол клубы өзінің үйренген орнында жаттығуды қайта бастады. Ал, оған дейін 2 жыл бойы Шымкент қаласындағы стадионға барып дайындалуға мәжбүр болды. 

Өңірде 600-ден астам спорт нысаны халық үшін есігін айқара ашқан. Дегенмен, спортшыларды жастайынан оқытып, арнайы кәсіби білім беретін орталықтың болмауы - басты мәселелердің бірі.

Биыл Ақтауда «Бокс сарайы» ашылады. Ірі спорт кешені спортшыларға арналған жатақханасымен ерекше. Одан бөлек, Жаңаөзен қаласында, Мұнайлы және Түпқараған аудандарында да спорт сарайлары салынып жатыр. Мамандар желкенді қайық спортын өркендетуді мақсат етіп отыр. Бұл өз кезегінде теңіз жағасында туризмді дамытуға сеп болмақ.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу