Алматы облысында тағы бір тау шаңғысы базасы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында тағы бір тау шаңғысы базасы ашылды

18.02.2019

Сарқан ауданында орналасқан демалыс кешені қысқы туризмді дамытып қана қоймай, шаңғы спортымен шұғылданатындардың қатарын көбейтпек. Себебі жаңа нысан республикалық, өңіраралық жарыстарды ұйымдастыруға әбден лайық. «Туған жер» бағдарламасын ту еткен өңір түлектері бұл нысанды жыл сайын дүбірі басылмайтын демалыс орны етпек.

Жоңғар Алатауы бөктеріндегі шаңғы трассасының ұзындығы - 735 метр. Шаңғышылардың жоғары көтерілуі үшін швейцариялық бугельді қондырғылар қойылған. Аудан тұрғындарына демалыс орны ұнаса керек, жасы да, кәрісі де дүрмекке ілесті. Қырық жылдан кейін аяғына шаңғы байлаған Сейілхан Саурықов та бір құлап, бір тұрып, жас дәуренін еске алды.

Ал, шаңғы тебе алмайтын жұрт көрші төбеге көптеп жиналды. Бұл жерде тюнинг трассасы салынған.

Жаңа шаңғы базасы бір күнде 2 мың адам қабылдауға қауқарлы. Коньки тебем деушілерге мұз айдыны бар. Инвесторлар болашақта қонақүй салып, су қоймасын көлге айналдырып, жазғы демалыстың да жайын қарастыруда.

Мәмбетәлі Атешов, кәсіпкер:

- Балалар үшін, болашақ ұрпақтарымыз үшін. Жастар басқа жаққа кетпей, осы спортқа келсе деп ойлаймын.

Тау шаңғы базасының ашылуы денсаулық фестиваліне ұласты. Аудан тұрғындары арқан тартысып, гір көтеріп, қол күрестіріп, күш сынады. Өнерпаздар мен аспаздардың да байқауы ұйымдастырылды. Санайғаққа сенсек, сарқандықтардың 30 пайызы спортпен шұғылданады екен.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу