Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спортзал ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спортзал ашылды

22.01.2019

Шексіз мүмкіндік. Астанада мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен кәсіби түрде айналысуына жан-жақты жағдай жасалды. Паралимпиада жаттығу орталығы базасындағы оңалту құрылғыларын қарапайым тұрғындар қолдана алады. Тек мүгедектігі мен мекенжайы туралы анықтама және жеке куәлігін алып барса жеткілікті.

Нысаналы Ығыл, тілші:

Мұнда Паралимпиада ұлттық құрамасы жаттығатын. Онда да ара-тұра. Алайда, орталыққа бір уақытта 600 адам сыяды. Сондықтан ғимараттың әлеуетін толық пайдалану үшін енді мүмкіндігі шектеулі жандарға есігі айқара ашылып отыр. Бастысы - тегін.

Ал, қалада осы санаттағы 24 мыңнан аса тұрғын бар. Олардың мүгедектігі әртүрлі болғанымен, мүмкіндіктері тең. Тек тағдырдың тезінен есін тез жиып, жігерін жаныса жеткілікті. Медеу солай істеді. Қатерлі ісікке шалдыққан. Салдарынан 28 жасында аяғын тізеден төмен кестіруге тура келді. Сондай сын сағатта оған спорт қана сүйеу болыпты.

Медеу Әбенов, қала тұрғыны:

- Бас кезінде қиыншылықтар болды. Аяғымды кескенде балам бір айлық болатын. Қазір ол 4 жастан асты. Жеңдік. Спортқа келдік.

Медеу сынды мүгедек жандарға бұл жер үлкен демеу. Орталықтың әр адымы қолайлы жасалған. Жүріп-тұрулары жеңіл. Пара дзюдо, пара таэквондо, пауэрлифтинг, үстел ойындары және сал ауруына шалдыққандардың оңалуына арналған 17 спорт түрі бар. Ал, мына жүгіру жолағы Қазақстанда жалғыз. 

Жаттығу орталығы жеке инвестордың қаржысымен салынды. Бүгінге дейін күтіп-ұстауы кәсіпкер есебінен жүргізілген. Ал, жаңа жылдан бастап бұған Астана әкімдігі жауапты. Себебі толық қуатында жұмыс істемей тұрған зәулім ғимаратқа сұраныс жоғары. Күніне 60 адамдай келетін залдарды енді 10 есе толтыру жоспарланып отыр. Есігі таңғы сағат 8:00-ден түнгі 22:00-ге дейін ашық.  

Әзірге 400-ден астам мүгедек жан тіркелген. Тізім толыға түскен соң, мекенжайлары белгіленіп, оларға тасымал ұйымдастырылмақ. Денсаулық түзеп, дос тауып, спортта саңлақ атануға зор мүмкіндік.  

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу