Спорттағы саңлақтардың биылғы нәтижелері көңіл көншіте ме?
Ит жылы да тарих қойнауына кіріп барады. Биыл спорттық додалар мен жарыстарға, тартысты бәсекелер мен жаңалықтарға толы жыл болды. Дегенмен, 2018 қазақ спорты үшін асығы алшысынан түскен, толайым табысқа кенелген кез деп айтуға келе қоймас. Былғары қолғап шеберлері мен зілтеміршілердің жаһандық додадағы нәтижесі жанкүйерлердің көңіліне сызат түсіргендей. Ұлттық спорттың туын ұстаған көкпаршыларымыздың Көшпенділер ойынындағы сүреңсіз ойыны да біраз уақыт қоғамның қызу талқысына түсті. Әйткенімен, толағайларымыздың топты жарып, жарқын жеңіске жеткен сәттері де болды.
Жыл басы басты спорттық оқиға Кореядағы қысқы Олимпиада ойындарынан басталды. Қазақ елінен 9 спорт түрі бойынша 46 спортшы ел намысын қорғауға барды. Жанкүйерлер тәжірибелі шаңғышы Алексей Полтаранин, шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтерге үміт артқан еді. Алайда, бұл жолы олардың бағы жанбады. Жалғыз медальді қоржынымызға фристайл шебері Юлия Галышева салып берді. Ол ақтық сында 77,40 ұпай жинап, қола медальді қанжығалады. Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасы Юлия қыздың жалғыз медалін қанағат тұтып, жалпыкомандалық есепте 28-ші орынға тұрақтады.
18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында сары құрлықтың басты спорттық бәсекесі өткен болатын. Жакартадағы Азиада Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең сәтсіз ойындардың бірі ретінде жылнамаға жазылмақ. Қазақтың оң жамбасына келетін күрес пен бокстан бірде-бір алтын медаль бұйырмады. Ұлттық құрама атынан барған 440 атлетіміз 15 алтын, 17 күміс, 44 қоламен жалпыкомандалық есепте 9-шы орынды місе тұтты.
Көкпардан Қырғызстан командасы мүшесінің бұл сөз желіні біраз желітті. Себебі, Алатау баурайында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстан көкпаршылары жартылай сында өзбектерден жеңіліп қалды. Жарысты қарқынды бастаған біздің жігіттердің бұл нәтижесі көкпар десе, ішкен асын жерге қоятын қазақ қоғамында біраз пікірталас тудырды. Ал, федерация басшылары жас жігіттерге мүмкіндік бердік деп ақталған еді.
Ерлен Оспанов, Көкпар федерациясының экс-президенті:
- Үнемі атақты көкпаршылар ғана барады деген сөздер болды.
Дегенмен, Көшпенділер ойынында өнер көрсеткен жалпы Қазақстан құрамасының көрсеткіші көңіл қуантарлықтай болды. Командалық есепте 90-ға жуық елдің арасынан екінші орынға тұрақтадық.
Ал, 15-ші қыркүйек күллі Қазақ елі үшін ұзақ уақыт бойы есте қалары сөзсіз. Қарағандылық Геннадий Головкин кәсіпқой бокста алғаш рет жеңілістің кермек дәмін сезді.
Альварес пен Головкин бірінші мәрте 2017 жылы қолғап түйістірген. Геннадийдің айқын басымдығына қарамастан, төрешілер тең түсті деп шешім айтқан. Бұл жолы 12 раундтың қорытындысы бойынша олар ұпай санымен мексикалықты жеңімпаз деп таныды. Дегенмен, қазақ жанкүйерлері Генаның жеңілісін әлі күнге дейін мойындағысы келмейді. Әйткенімен, келер жылы бұл қос мықтының қарымта үшінші жекпе-жегі болады деген сөздер жиі айтылып жүр. Шын мықты сол кезде белгілі болар.
Ауыр атлеттердің жолы ауыр болып тұр қазір. Бірнеше жыл бұрын шу тудырған доппинг дауы саладағы саңлақтарды есеңгіретіп тастаған еді. Биыл шектеу шырмауы шешіліп, халықаралық сайыстарға қатысуға қайта мүмкіндік берілді. Қарашаның бірі күні қазақстандық зілтеміршілер Түрікменстандағы әлем біріншілігіне ел намысын қорғауға аттанды. Доппинг дауына дейін алтынсыз қайтпайтын ұлттық құраманың қыз-жігіттері бұл жолы 1 күміс және 1 қола медальді ғана місе тұтты. Жалпыкомандалық есепте небәрі 12-ші орын. Бұл нәтиже соңғы 10 жылдағы отандық зілтеміршілердің ең нашар көрсеткіші. Дегенмен, спорт мамандары бұл әдейі жасалған қадам болуы да мүмкін деп есептейді.
Ермек Төрениязов, спорт комментаторы:
- Спортшыларымыз да өздерінің мүмкіндіктерінің барлығын ортаға салған жоқ. Мүмкіндіктерінен өте төмен нәтиже көрсетті. Дәл қазір ең бастысы, біздің спортшыларымыз доппинг дауынан аулақ болса, соған ілінбесе басты жеңіс осы деп ойлаймын. Бапкерлер осы тұста кішкене бір бармағын бүгіп қалды деп есептеуге болады.
Осылайша, қазақ спорты ит жылын тәмамдап отыр. Алда маңызды бәсекелер, Олимпиада ойындарына іріктеу жарыстары бар. Ел сенген ұландарымыз әлі де талай биіктерді бағындырып, тұғыр биігінен көрінеріне жанкүйерлер үлкен үмітпен қарайды.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
