О.Рыпакова  ресми түрде 2008 жылғы Бейжің Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

О.Рыпакова  ресми түрде 2008 жылғы Бейжің Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды

03.10.2018

Отандасымыз, жеңіл атлет Ольга Рыпакова  ресми түрде 2008 жылғы Бейжің Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Естеріңізде болса осыдан 10 жыл бұрынғы жаһандық додада Рыпакова 4-ші орынға тұрақтаған еді.

Алайда, екінші және үшінші орын алған ресейлік  пен грекиялық спортшылардың допинг сынамасы қайта тексеріліп, олардың ережені бұзғаны анықталған. Осылайша, Ольга Олимпиада ойындарының толық медаль комплектіне ие болып отыр.

Ол  Лондондағы бәсекеде алтыннан алқа тағынса, Риодағы сайыста қола медальді қанжығалаған еді.  Өзіне тиесілі күмісті алған спортшымызға екінші орын үшін берілетін сыйақы қарастырылмаған екен. Себебі, еліміздің спорт тарихында мұндай жағдай тек соңғы жылдары ғана болып отыр. Алайда, Ұлттық олимпиада комитеті бұл кешігіп келген жеңісті жергілікті әкімдіктер мен спорт федерациясы тиісінше бағалайды деп сенім білдірді.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу