Геннадий Головкин: Мен өз жұмысымды әрі қарай жалғастыра бермекпін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Геннадий Головкин: Мен өз жұмысымды әрі қарай жалғастыра бермекпін

17.09.2018

Ер кезегі үшке дейін. Күрзі жұдырықты Геннадий Головкин мен жирен шашты Сауль Альварес  тағы да жұдырықтасуы бек мүмкін. Қарымта жекпе-жек келер жылдың 5-ші мамырында өтеді деген болжам бар. Бұл туралы кеше Головкиннің бапкері Абель Санчес айтты. Егер де қос мықтының шайқасы жайлы келісім орнаса, онда ол әдеттегідей Лас-Вегаста емес, басқа қалада өтетін секілді.

Кешегі жұдырықтасудан кейін Абель Санческе «Golden Boy» промоутерлік компаниясының басшысы үшінші шайқас жайлы ұсынысын айтқан. Ал отандасымыздың бапкері 2019-дың көктеміне дейін ешқандай да жекпе-жектің болғанын қаламайды. Себебі, Геннадий биыл бірнеше тамаша шайқас өткізді. Енді Жаңа жылға дейін демалыс қажет деп есептейді. Тек содан кейін ғана толыққанды жаттығуға кірісуге болатындығын айтты.

Абель Санчес, Геннадий Головкиннің бапкері:

- Бизнес тұрғысынан «Канелоға» ғана емес, Головкинге де барлық мүмкіндікті қарастыру керек деген ойдамын. Стиль жағынан олар бір-біріне өте жақын. Эрик Гомес төрешілер шешімі айтылғаннан кейін маған келіп: «Үшінші жекпе-жек керек. Тағы бір кездесу өткізуіміз қажет»,- деді. Мен: «Иә, мұны Томмен талқылайық» дедім. 5 мамыр бұл үшін тамаша күн деп ойлаймын. Меніңше, бұл жекпе-жек өтетін болса, онда ол 5 мамырда болады.

Аз сөйлеп семіз шығатын Головкин өзінің кәсіби алаңдағы алғашқы жеңілісінен кейін де ұстамдылық танытты. Әріптестері секілді ашуға мініп, артық сөз айтпады. Қарсыласына лайықты шайқасы үшін алғысын білдірді.  Нағыз жеңімпазды анықтау үшін тағы да қолғап түйістіруге кез келген уақытта дайын болатындығын айтып қалды. Алайда, келер жолы ол Лас-Вегас қаласында емес, басқа жерде шайқасуды қалап отыр.

Геннадий Головкин:

- Ең алдымен, «Канелоны» құттықтағым келеді, себебі бүгін ол үйіне чемпион болып қайтты. Бүгін екеуміз үшін де жақсы айқас болды. Әрине, қазір көп нәрсе айтуға болады. Бірақ, мен өзімді чемпионмын деп есептеймін. Бүгін екі чемпионның жекпе-жегі болды. Мен өзімді өте жақсы сезіндім. Шайқасты бастан-аяқ бақылауда ұстадық. Мен боксшымын, мен спортшымын, мен өз жұмысымды әрі қарай жалғастыра бермекпін. Әрине, үшінші жекпе-жек өткізсек, керемет болушы еді. Біз бұл туралы әлі сөйлесеміз.

Сауль Альварес те қарымтадан кетар емес. Жұрт қаласа шаршы алаңға шығамыз деп отыр. Ал бүкіл әлем кезекті «big drama show»-ды асыға күтеді. Себебі, бокс жанкүйерлерінің басым бөлігі нағыз мықты әлі анықталмады деген ойда.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу