4 шілде сағат 17.30-да «Қазмедиа» орталығының «КазМедиаХолл» киноконцерт залында ұлттық спорт түрлері бойынша «Ұлы Дала рухы» фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Ауқымды концерттік бағдарлама аясында жеребе тарту салтанаты жоспарланған.
16 қыркүйекке дейін жалғасатын жастар арасындағы фестиваль бәсекесіне республика бойынша 7073 спортшы қатысады. Ұлттық спорттың көкпар, бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату түрлері бойынша өтетін жарыстар командалық тәртіпте жүргізіледі.
Үш айдан астам уақытқа созылатын бұл фестиваль II кезеңге бөлінген:
I кезең аймақтық іріктеу жарыстары. Алғашқы кезең бәсекесі төрт аймақта өтеді.
4 шілде күні фестивальдің ашылу салтанаты және жеребе тарту рәсімі болады. Осы жеребе бойынша өтетін республиканың Оңтүстік, Шығыс, Батыс және Солтүстік аймақтарындағы жарыстардың салтанатты ашылуы әр мерзімге белгіленген.
Атап айтқанда, 13-15 шілде күндері Шымкент қаласында Оңтүстік аймақ, 27-29 шілде күндері Ақтөбе қаласында Батыс аймақ, 13-15 тамыз күндері Павлодар қаласында Шығыс аймақ, 17-19 тамыз күндері Астана қаласында Солтүстік аймақ жарыстарының салтанатты ашылуы өткізіледі. Сондай-ақ, көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату спорт түрлерінің іріктеу бәсекелерін аймақтық өңірлерде, ал, аударыспақ, жамбы, теңге, бәйге спорт түрлерінің іріктеу бәсекелерін Астанада өткізу жоспарланған.
Аймақтардағы іріктеу жарыстары 31 тамызда мәреге жетеді. Еліміздегі 14 облыс, 3 қала командалары арасынан үздік шыққандары фестивальдің II кезеңіне өтеді.
Астана қаласында 11-16 қыркүйек күндері аралығында өтетін ІІ кезеңге 250 жуық спортшы қатысады. Фестивальдің II кезеңіңде жартылай финал мен финалдық бәсекелер өтеді.
Ұйымдастырушы: Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК.