Астанада муай-тайдан халықаралық турнир өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада муай-тайдан халықаралық турнир өтті

18.06.2018

Астана әкімінің кубогына муай-тайдан халықаралық турнир өтті. Оған Тайланд, Бразилия, Швеция, Польша және Қырғызстан елдерінен спортшылар келген. Кіл мықтылардың арасында еліміздің спортшылары да бар.

Муай-тай жекпе-жектің бір түрі. Бұл спорт елімізге 1998 жылы келді. Федерациясы құрылды. Содан бері ауанды дамып келеді. Оған дәлел - бүгінгі дәрежелі дода. Әкімнің кубогына күресетін 8 боксшы бар. Жерлесіміз Еламан Саясатов титулға таласады.

Еламан Саясатов, муай-тайдан халықаралық спорт шебері:

- Осы жарысқа жақсы дайындалып келдім. Осы спортпен айналысып жүргеніме он жылдай болды. Қарсыласым Тайланд елінен. Жарыста Қазақстанның намысын жерге түсірмеймін деп ойлаймын.

Муай-тайдан қазақстандық спортшылардың жетістігі жоқ емес, бар. Мәселен, жақында ғана ұлттық құрамамыз Мексикадағы Әлем чемпионатынан олжалы оралды. Бір күміс, 6 қола қанжығада қалды. Кәсіби спортшылар арасында бұл жақсы нәтиже. Бүгін де сондай жеңіске үміт бар.

Қайрат Тілеубаев, муай-тайдан Қазақстан құрамасының бапкері:

- Астана әкімінің кубогы елордамыздың 20 жылдығына арналған. Муайтай спорты елімізде қарқынды дамып келе жатқандықтан, мерейтой қарсаңында осындай шара ұйымдастырдық. Спортшыларымызға сенім білдіріп, қолдау көрсетуге келіңіздер.

Турнир Астанадағы Конгресс орталығында өтті. Титулға таласқан Еламан Саясатов тайландтық спортшы Жирапонгты нокаутқа жіберді. Осылайша, жерлесіміз мерейтойға жеңіс сыйлады.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу