Елордада муай-тайдан халықаралық турнир өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада муай-тайдан халықаралық турнир өтеді

15.06.2018

Бүгін елордада Астана әкімінің кубогы үшін муай-тайдан халықаралық турнир басталады. Оған Тайланд, Бразилия, Швеция, Польша және Қырғызстан елдерінен спортшылар келген. Кіл мықтылардың арасында еліміздің спортшылары да бар. Турнир басталмас бұрын ұйымдастырушылар журналистерге баспасөз мәслихатын өткізді.

Муай-тай - жекпе-жектің түрі. Бұл спорт елімізге 1998 жылы келді. Федерациясы құрылды. Содан бері дамып келеді. Оған дәлел бүгінгі дәрежелі дода. Әкімнің кубогына күресетін 8 боксшы бар және жерлесіміз Еламан Саясатов титулға таласады.

Еламан Саясатов, муай-тайдан халықаралық спорт шебері:

- Жарысқа жақсы дайындалып келдім. Осы спортпен айналысып жүргеніме он жылдай болды. Қарсыласым Тайланд елінен болады. Осы жарыста Қазақстанның намысын жерге түсірмеймін деп ойлаймын.

Муай-тайдан қазақстандық спортшылардың жетістігі жоқ емес, бар. Мәселен, жақында ғана Ұлттық құрамамыз Мексикадағы Әлем чемпионатынан олжалы оралды. Бір күміс, 6 қола қанжығада қалды. Кәсіби спортшылар арасында бұл жақсы нәтиже. Бүгін де сондай жеңіске үміт бар.

Қайрат Тілеубаев, муай-тайдан Қазақстан құрамасының бапкері:

- Астана әкімінің кубогы елордамыздың 20 жылдығына арналған. Муай-тай спорты елімізде қарқынды дамып келе жатқандықтан, мерейтой қарсаңында осындай шара ұйымдастырдық. Спортшыларымызға сенім білдіріп, қолдау көрсетуге келіңіздер.

Турнир Астандағы Конгресс - орталығында өтеді. Қазақстандық спортшылар бабында және жеңісті жұлып аларына сенімді. Сондықтан, муай-тай мерекесінен тыс қалмаңыз.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу