Басты Жаңалықтар Қарағандыда 3 мыңнан аса адам қатысқан марафон өтті

Қарағандыда 3 мыңнан аса адам қатысқан марафон өтті

Кеншілер шаһары Қарағандының көшелерімен 3 мыңнан астам адам жүгіріп өтті. Олар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Арманға жол» жартылай марафонында бақтарын сынады.

Салауатты өмір салтын насихаттаған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, Украина, Беларусь, Қырғыз елдерінен спортшылар келді. Марафоншылар арасында 8-14 жас аралығындағы балалар да бар. Жеткіншектер 2 шақырымдық «Балапан» аталатын қашықтықты бағындырды.

Жартылай марафонды ұйымдастырушылар арасында Афины Олимпиадасының қола жүлдегері Дмитрий Карпов та бар. Жарыс жеңімпаздары қомақты қаржылай сыйлықтарға ие болды. Ең ұзақ қашықтық «Арманға жол» аталымы бойынша ерлер арасында Беларусь Республикасынан келген Владислав Прямов жеңіске жетті. Ол 22 шақырым жолды 1 сағат 6 минутта жүгіріп өтті. Ал әйелдер арасында қырғызстандық Виктория Полюдина топ жарды. Екі чемпионға 1 миллион теңгеден берілді. 

Владислав Прямов, жарысқа қатысушы /Беларусь Республикасы/:

- Мен өткен жылы Дмитрий Карповпен Астанада болған жартылай марафонда танысқан едім. Осы жолы ол маған арнайы қоңырау шалып Қарағандыға шақырды. Алғысым шексіз. Кеше күн салқындау болатын. Ал, бүгін ауа райы тамаша. Қала көшелері кең екен. Жүгіруге ыңғайлы. Марафон өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

 

Бөлісу