Алматы облысында аралас жекпе-жектен республикалық турнир өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында аралас жекпе-жектен республикалық турнир өтті

16.04.2018

Алматы облысы Іле ауданы Қоянқұс ауылында Соғыс ардагері Жұмағали Алпысбайұлының туғанына 95 жыл толуына орай жастардың отансүйгіштік сезімін арттыру үшін және оларды шаршы алаңда шыңдау мақсатында аралас жекпе-жектен республикалық турнир өтті. Оған еліміздің  барлық өңірлерінен 9 бен 18 жастағы, салмақ дәрежесі 32 мен 40 келі аралығындағы 120 спортшы қатысты.

Нұртай Амангелдиев байрақты бәсекеге Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан келген. Жастайынан спортты серік еткен өрен ауқымды турнирге келу үшін аудандық іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен. Сонықтан, бүгін алғашқы жекпе-жегінің бірінші рауындында қарсыласын ауырту арқылы айқын басымдылықпен ұтып, көрерменнің көзайымына бөленді.    

Нұртай Амангелдиев, турнирге қатысушы:

- Бұл жарыс оңай болған жоқ. Қарсыласымды мұндай мықты болады деп ойламаппын.

«Шапшаңдық пен техниканы, ептілік пен ерлікті қажет ететін аралас жекпе-жектің бұл түрі күн санап дамып келеді», - дейді бапкерлер. Осы себепті биылғы турнирге қатысушылардың барлығы осал емес. Олардың арасында мектеп қабырғасында-ақ халықаралық турнирлердің жеңіпазы атанып үлгерген спортшылар бар.  

Ардақ Беркінбаев, «Көкжал» спорт клубтар бірлестігінің жетекшісі:

- Өткізіп отырған турниріміздің басты мақсаты - жастарды спортқа баулу және отансүйгіштікке тәрбиелеу. Жұмағали сияқты ақсақалымызды жастарға үлгі ету. Осы аралас жекпе-жек турниріне еліміздің белгілі спорт клубтарының спортшылары қатысуда. Соның ішінде «Әлем-Файтерс», «Жекпе-жек», «Көкжал», «Сардар», «Қайсар» сияқты клубтардың спортшылары бар.

Мамандардың айтуынша, жастар арасында кенже дамыған бұл жарыстың ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Мұны турнирге халықаралық дәрежедегі төрешілердің қатысуынан аңғаруға болады. Сондықтан, алдағы уақытта осы аралас жекпе-жектің деңгейін одан әрі көтеріп, қосымша бокс және қазақша күрестен турнирлер ұйымдастырмақшы. Ал, жарыс жеңімпаздары халықаралық сайысқа жолдама алады.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ   

Хабарламаларға жазылу