Щучинскте шаңғы-биатлон базасы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Щучинскте шаңғы-биатлон базасы ашылды

20.03.2018

Ақмола облысының Щучинск қаласында жаңа халықаралық шаңғы-биатлон базасы ашылды. Бұл - еліміздің спортшылары көптен күткен жаңалық. Себебі, құрылыс осыдан 12 жыл бұрын басталған еді. Кешен 125 гектар аумақты алып жатыр. Шаңғы трассасының ұзындығы - 4584 метр. Сондай-ақ, бассейн, жаттығу залы, медициналық кабинет бар. Базаның бір бөлігінде құрылыс әлі де жалғасып жатыр. Шаңғы трамплині күзде аяқталмақ. Базаның іске қосылуына және Астананың 20 жылдығына орай халықаралық шаңғы жарысы басталды. Жарыстың алғашқы күні ерлер 20, ал, әйелдер 10 шақырымда бақтарын сынады. Додаға 100-ден астам спортшы қатысуда. Жарыс жолына алғашқы шыққандардың арасында үздіктер анықталып, марапатталды. Сайыс 28-наурызға дейін жалғасады. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Орталықтың ерекшелігі - халықаралық жарыстарды өткізумен бірге, бұл жерде жас спортшылар өздерінің шынықтыру бағдарламасын орындай алады. Екінші, қысқы спорт түрлерінен арнайы мектеп ашамыз. Қазақстанда әзірге жалғыз мектеп бар.  Біздің мақсатымыз - республикалық арнайы мектеп-интернат, колледж ашу.

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу