Павлодарда бүркітшілер сайысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда бүркітшілер сайысы өтті

26.01.2018

Сары аяздың беті сәл қайта бастап еді, павлодарлық саятшылар атқа қонды. Ауыл шетіне шығып ит жүгіртті, құс салды. Мақсат - бабадан қалған бекзада өнерді ұрпаққа ұлағат ету. Бүркітшілер сайысына тілшіміз Болат Аманбаев куә болды.

Ақтүтек боран да, сақылдаған сары аяз да қыран құсқа қорқынышты емес. Тек баптаушысы бабын тапса болғаны. Марат Исеновтың қолына құс қондырып, бүркіт баулый бастағанына бес жыл болды. Жақында Шығыс Қазақстанда болатын бүркітшілер сайысына барады.

Марат Исенов, бүркітші:

- Күнара болса да бүркітті ұшырып отыру керек. Біздің жақта қасқыр деген кездесе бермейді, көбіне түлкі. Қырдың қызыл түлкісі мен қоян ғана.

Саятшының тастүлегі көзіне түскен аңды құтқармады. Сонарға жиналған жұрт жүйрік тазылардың да өнерін жоғары бағалады.

Әлихан Нұрлан, оқушы:

- Бізге қатты ұнады. Ата-анам рұқсат берсе, мен де осындай бүркітші боламын. Осындай аяз, суық болса да келдік.

Саятшылық спорты қазір ел арасында кеңінен қанат жайды. Қыранның қырағылығын таныған бабалардан мирас болған бекзада өнер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу