Дзюдошы Ержан Шынкеев Гран При турнирінің қола жүлдегері атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дзюдошы Ержан Шынкеев Гран При турнирінің қола жүлдегері атанды

27.02.2017
Дзюдошы Ержан Шынкеев Гран При турнирінің қола жүлдегері атанды

Дюссельдорфта өткен Гран При турнирінде Ержан Шынкеев қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың соңғы күні 100 келіден жоғары салмақта сынға түскен дзюдошымыз Ержан Шынкеев Гран При турнирінің қола жүлдесін иеленді. Алғашқы белдесуінде бразилиялық қарсыласы Искуарде Руан 3 шидо алғандықтан жеңіс қазақстандық дзюдошыға берілді.

Екінші айналымда Грузия елінің балуаны Адам Окурашвилиді вазари ұпайымен қапы қалдырды. Үшінші айналымға сүрінбей өткен қазақстандық балуан жапон дзюдошысы Харасауа Хисояшиге қарсылас атанды.

Алайда, белдесу барысында Ержан Шынкеев үш шидо алғандықтан, жеңіс жапон балуанына бұйырды. Қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік берілетін жұбаныш белдесуінде Ержанның қарсыласы Хаммо Якив бозкілемге шықпай, қазақстандық балуан жүлделі орынға таласуға мүмкіндік алды.

Қола жүлде үшін өткен белдесуде сенсация орын алды. Қазақстандық палуан 100 келіге дейінгі салмақта Рио Олимпиадасының чемпионы Лукаш Крпалекті вазари ұпайымен жеңіп, Гран При турнирінің қола медалін иеленді.

Естеріңізге сала кетсек, Гран При турнирі ақпанның 24-26-і аралығында өтті. Бірінші, екінші күні белдескен барлық палуандарымыз жарысты жүлдесіз аяқтады.

Аталмыш додаға 50 елден 346 дзюдошы қатысты.

 

Хабарламаларға жазылу