Қазақстанның Ауыр атлетика құрамасына бас жаттықтырушы болған Алексей Нидің қызметінен кетуіне қатысты комментарий таратты, деп хабарлайды inform.kz.
«Мен өз еркіммен Ауыр атлетика құрамасының бас жаттықтырушысы қызметінен кетуім туралы шешім қабылдадым. Алғаш рет бұл туралы ауыр атлеттерге қатысты допинг дауы басталған кезде, яғни Рио Олимпиадасының қарсаңында ойлаған едім. Алайда, ол кезде команданы дайындап, ойынға апару керек болды. Мойныма алған міндетті орындауым керек еді. Сол кездің өзінде спортшыларымды қорғай алмасам, олардың жүлделері жойылса, осы қызметті одан ары жалғастыра алмайтынымды, қыз-жігіттермен бірге кететінімді білгемін. Жақын күндері жаңа бас жаттықтырушы тағайындалады, ол жаңа командамен бірге жұмысқа кіріседі»,- деді Алексей Ни.
Ауыр атлеттерді қатарынан екі-үш Олимпиадаға жаттықтырған Алексей Ни допинг дауына қатысты жауапкершілікті сезінетінін, алайда, еш кінәні мойындамайтынын мәлім еткен.
«Екі күн бұрын Халықаралық Олимпиада комитетінен Илья Ильинді екі алтын медалінен айыру туралы ресми хат келді. Бұл, бір жағынан, Халықаралық Олимпиада комитеті мен Халықаралық допингке қарсы агенттіктің атқарған жұмысы еді, яғни бес алтын, бір күміс, бір қола медальдің күші жойылды. Сол екі Олимпиада ойындарында мен бас жаттықтырушы болдым. Сондықтан, командамның басынан өткен жағдайға жауап беруім керек. Қызметтен кетуімді қабылдаған Спорт министрлігіне, Ұлттық олимпиада комитетіне, Федерацияға алғыс айтамын. Менің қызметтен кетуім - медалінен айырылған және Олимпиада ойындарына қатысу құқығынан айырылған ұжымымның білдірген ниеті, бірақ кінәні мойындауы емес», -деп ой қорытты Алексей Ни.