Дмитрий Баландин білім берген ұстаздарына алғыс айтты (ФОТО)
Бүгін Алматы қаласындағы спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп интернатында жаңа оқу жылы басталды.
Жыл сайын жүздеген бала дәл осы білім беру мекемесінің оқушысы атанады, мұнда жаттығулар өткізіп, спорттық шеберлікті шыңдап, толыққанды білім алуға болады.
Салтанатты шараға Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының чемпионы Дмитрий Баландин мен Лиллехаммерде өткен жастар арасындағы қысқы Олимпиада-2016 ойындарының күміс жүлдегері Анвар Мухамадеев өз мектептеріне қонаққа келді.
«Барлық оқушыларды, ата-аналар мен мектеп ұжымын бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Бүгін жаңа оқу жылының басталуы ғана емес, екі олимпиадашы қонаққа келген үлкен мереке. Әр жиналыс сайын мен сендерге араларыңда болашақ Әлем чемпионы бар деп айтудан жалыққан емеспін. Спортта үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, еліміздің құрметті азаматтары атаныңдар!» - деді мектеп директоры Қанат Жолдықараев.
Дмитрий Баландин де мектебі мен ұстаздарына өз алғысын білдірді. «Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Шын мәнінде, мектеп тек қана спорттық емес, адами қасиеттерді де бойымызға сіңіреді. Бәрінен бұрын, жақсы адам болып қалу маңызды. Қиындықтарға мойымаңыздар, алға қойған мақсаттарға жетіңіздер. Ұстаздардың төзімділігі мен қажыр-қайраты үшін рахмет айтқым келеді. Қазір мектепте барынша жақсы оқуға тырыспағаным үшін өкінемін. Өмірде бәрі де керек болады екен», - деді Олимпиада чемпионы Д. Баландин.
Салтанатты шара мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Білім мерекесіне ұстаздар мен ата-аналар, бапкерлер мен мектеп түлектері келді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы