Бүгінгі күн Азия ойындарында ел намысын қорғаған спортшыларымыз үшін сәтті аяқталды. Ел қоржыны 11 жүлдемен толықты. Оның 8-і алтын. Екі алтын медальді каратэден сынға түскен Андрей Ақтауов пен Гузалия Гафурова иеленді. Ал, қалған 6 алтын медальді боксшыларымыз жеңіп алды.
Азия ойындарының финалдық бәсекесін 49 келі салмақ дәржесіндегі боксшылар бастады. Біржан Жақыпов шаршы алаң иесімен бас жүлдені сарапқа салған. Бірден шабуылға лап қойған ринг қожайыны Біржанға еш амал жасатпай өз басымдылығын байқатты.Бұдан кейін шаршы алаңға көтерілген 52 келіде Ілияс Сүлейменов өзбекстандық боксшымен жұдырықтасып, білгенінен жаңылмады. Толассыз соққылар жасап, алтын медаль тақты.
Ал, 69 келі салмақтағы Данияр Елеусінов те ел намысы үшін аянып қалмады. 75 келідегі Жәнібек Әлімханұлыннан да жанкүйер қауымы алтын жүлде күткені жасырын емес, осыны жете түсінген ол иорданиялық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, Қазақстан құрамасының қоржынына үшінші алтынды салды.
81 келіде ойындардың ашылу салтанатында көк байрағымызды ұстап шыққан Әділбек Ниязымбетов ринг иесін сан соқтырып, бірінші орын алды. 91 келідегі Антон Пинчук пен аса ауыр салмақтағы Иван Дычкода ирандық қарсыластарынан басым түсіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Ертең Азия ойындарының жабылу салтанаты жабулы өтеді. «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Телжан КҮДЕРОВ