Павлодарда металлургтер арасында спартакиада өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда металлургтер арасында спартакиада өтті

03.06.2014
Павлодарда металлургтер арасында спартакиада өтті
Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуын қолдап, түрлі сала өкілдері үн қосып жатыр. Ал, Павлодар облысы, Ақсу ферроқорытпа зауытында осыған орай арнайы жұмысшылар спартакиадасы ұйымдастырылды.
 
 Жарысқа Қазақстан мен Ресейден металлургия саласының 350-ге тарта маманы қатысты. Қызығы сол, олар әдеттегі спорттық биіктіктерді бағындырудан бөлек, алып күш иелеріне ғана тән сынақтардан өтті.
 
Павлодарлық Денис Нешатаев - зілтемір көтерудің шебері. Бірақ кәсіби спортшының көңілдінде күдік басым. Снаряд сырғып кете ме деп қорқады.
 
Денис Нешатаев, спартакиадаға қатысушы:
Өте қиын болды. Стандартқа сай жасалған снаряд емес. Бұдан да зілтемір көтерген анағұрлым жеңіл болатын еді. Әбден қиналдым.
 
Сондықтан бұл жарысқа жұмысшылардың мықтылары ғана келді. Олар Қазақстан мен Ресейдегі ең ірі бес металлургиялық кәсіпорынын іріктелген. Құрыш білекті күштілігімен қатар еңбек озаттары.
 
Валерий Фадеев, РФ Серов металлургия зауытының бас директоры:
Біз доспыз. Спорт, еңбек арқылы достығымыз нығая түседі. Ал одан үлкені Қазақстан мен Ресейдің мемлекетаралық достығы, ұлттар татулығы. Ынтымағымыз жараса берсін.  
 
Жүк тиелген, жалпы салмағы 300 келілік платформаны көтеремін деп талайдың тауы шағылды. Кировец тракторының дөңгелегін жүз метрге жерге аударып отырып апару тіпті қиын екен. 
 
Спортшылар шаршады, шалдықты. Бірақ шамданған адам жоқ. Өйткені, бұл спартакиаданың бұрынғыдан жөні бөлек. Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің жаңа экономикалық одақ құруына арналып отыр.
 
Антон Котляков, спартакиада жеңімпазы:
Мен бүгінгі жеңісімді Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің достығына арнаймын. Осы жарыстарға қатысушылар атынан жаңа экономикалық одақ мызғымас берік болсын деп тілеймін.
 
Үшінші орынды ақтөбелік металлургтер, екінші орынды Дөң тау-кен байыту комбинатының командасы, бас жүлдені Ақсу ферроқорытпа зауыты жеңіп алды.
 
Николай Сухотерин, Ақсу ферроқорытпа зауыты кәсіподақ комитетінің төрағасы:
Менің ойымша тарихи құжаттың қабылдануы біздің еліміз үшін өте тиімді болады. Қазақстан Президентінің әрдайым дұрыс жолға бастайтынына металлургтер сенімді.
 
Қазақстандық металлургтер ресейлік әріптестерінен шақырту алды. Қарымта қайтару үшін емес, біздің кеңпейіл, қонақжайлығымызды көресіздер, дейді.
 
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу