Денис Тен елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денис Тен елге оралды

24.02.2014
Денис Тен елге оралды
 
Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, ел мақтанышы Денис Тен Қазақстанға оралды. Намысты қолдан бермеген батыр ұлын Алматы әуежайында  оның туған-туыстары мен достары, қала әкімдігі мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері күтіп алды.
 
Олимпиада жүлдегері жанкүйерлерімен жүздескеннен кейін баспасөз жиының өткізіп, байрақты бәсекеде алған әсерімен, жиған тәжірибесімен бөлісті. Денис Теннің «қоласы» - еліміздің мәнерлеп сырғанау спорты тарихында алған алғашқы олимпиадалық жүлде.
 
Жас та болса, әлемнің үздік спортшыларын сан мәрте басып озған Денис «Бұл жеңісіме тоқмейілсімеймін.  Сочи Олимпиадасы - алда бағындырар белестерімнің алғашқы баспалдағы. Болашақтағы тартысты жарыстарда «алтынға» қол жеткізіп, қазақтың атын төрткүл дүниеге таныту асқақ арманым», деп түйді ол.
 
Денис Тен, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері:
Бұл жеңіс - тек менің ғана емес, бүкіл қазақ елінің жеңісі. Мұзға шыққан сәтте жанкүйерлердің «Қазақстан! Алға, Денис!» деген қолдауларын естігенде, намысқа тырыстым. Расына келсек, бұл Олимпиада мені жігерлендіре түсті. Тіпті тәжірибе қостым, деп айтсам да болады.
 
Әйгерім МУСИНА

Хабарламаларға жазылу