Басты Жаңалықтар Қазақ тілі үшін еңбек еткен ғалымдарға көше есімі берілді

Қазақ тілі үшін еңбек еткен ғалымдарға көше есімі берілді

Алматы көшелеріне қазақ тілінің дамуына ғұмырын арнаған ғалымдардың есімі берілді. Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық және Шора Сарыбаев ұлттық ғылымның өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген. Олар түркітану, тіл тарихы, емле мен тіл білімінің жаңа салаларын зерттеп, ана тіліміздің ғылыми негізін қалыптастыруға атсалысты.

Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық және Шора Сарыбаев ана тіліміздің тарихын зерттеп, грамматикасы мен сөздік қорын зерделеуге зор үлес қосты. Зиялы қауым өкілдерінің айтуынша, ғалымдардың мол мұрасы мен өнегелі өмір жолы ұлт руханиятының алтын қорына айналған.

Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

Бұл сонау 89 жылы Қазақ тілі қоғамы құрылғанда соның басында болған академик Қайдаров, Айтпаев, Сарыбаев, Сыздықовалардың бүгінгі қазақ тілінің өркендеуіне қосқан үлесіне деген құрмет. Сайып келген кезде ұлыларды ұлықтау арқылы біз жастарға тағылымды тәрбие береміз.

Ғалымдардың ғылыми мұрасы  қазақ тілінің дамуына септігін тигізді. Енді есімдері Алматы көшелерінде жаңғырып, қала тарихына қатталды. Жиынға қатысушылар мұны ұлт руханиятына көрсетілген құрмет деп бағалайды.

Кәрімбек Құрманәлиев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

Бұл осы қазақтың ұлттық мүддесіне бар өмірін арнады, тілді қорғады, дінді қорғады, қазақтың болмысын қорғады. Сондықтан олардың атына осындай көше беруі өте дұрыс шешім. Одан кейін қаланың осы тұсында қазақтың бар зиялы қауымы аты аталған көшелер. Сондықтан үш тіл абызына берілген көшелер жарасып тұр.

Келер жылы мегаполистегі 200-ге жуық көшенің атауын өзгерту жоспарланған. Қазір мамандар жаңа атаулардың жобасын әзірлеп, ұсыныстарды комиссия қарауына дайындап жатыр.

Бөлісу