Көлік-логистика саласының әлеуеті жоғары
Соңғы 35 жылда елімізде республикалық маңызы бар 17 200 шақырым автомобиль жолы салынды және күрделі жөндеуден өтті.
Мәселен, Қостанай облысында жыл басынан бері 280 шақырым автокөлік жолдары жөнделіп, ірілі-ұсақты елді мекендердегі 83 көшенің асфальты бүтінделген. Оған 40 млрд теңге қаржы жұмсалды. Сонымен қатар облыс орталығының іргесінен құны 64 млрд теңге «Тобыл» логистикалық кешенінің құрылысы басталды. Аумағы 133,6 гектар алып кешен жылына 11 млн тоннадан астам жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Оның құрылысы алдағы жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, биыл 6 ірі теміржол вокзалы қайта жаңартылды, 20 млрд теңгеге Арқалық әуежайы салынып пайдалануға берілді. Әзірге әуе рейстері үш бағытқа ұшады.
Алмаз Есенжолов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Бүгінгі таңда барлық борт 100 пайыз жолаушылармен қамтылып отыр. Яғни, сұраныс жоғары. Осы динамика сақталса, облыс әкімдігі ұшу жиілігін тағы да көбейтуді қарастырады.