Басты Жаңалықтар Күйші Дина Нұрпейісованың туғанына – 165 жыл

Күйші Дина Нұрпейісованың туғанына – 165 жыл

Қазақтың күй өнерінде Дина Нұрпейісованың орны ерекше. Ұлы күйші-композитордың туғанына биыл - 165 жыл. Мерейтойға орай Атырауда ардагер домбырашылар арасында облыстық фестиваль өтті. Өнер додасына қала мен аудандардан 26 өнерпаз қатысып, бақ сынады.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Құрманғазыдан дәріс алып, қазақ әйелдерінің арасында тұңғыш күйші атанған Дина Нұрпейісованың мерейтойы әуелі ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Қазақтың күй өнерінде өшпес із қалдырған тұлғаның мұрасын ұлықтаған ардагерлер оның өнегелі өмірі мен шығармашылығын еске алып, рухына тағзым етті.

Мұрат Өтешов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Бес жасынан домбыра ұстап, өле-өлгенше сол домбырамен қоштасқан жоқ. 1936  жылы Мәскеуде өткен өнер сайысына қатысты. Сол кездегі мемлекет басшылары үлкен Мәскеудің сарайында Динаға қол соққан.

Игі шара кейін ұлттық өнердің мерекесіне ұласты. «Қазағымның үні сенсің, домбыра» атты фестивальге Атырау қаласы мен жеті ауданнан 26 ардагер домбырашы жиналды. Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылар Дина Нұрпейісованың күйлерін орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта өнер көрсетті. Барлық қатысушыға диплом мен 100 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды.

Мақпал Отарова, қатысушы:

Шипажайда жатқам. Алдыңғы күні хабар келді. Сосын кеше жанталасып ауылдан домбырамды, киімдерімді алғызып, жарты күн дайындалып, сахнаға шығып жатырмын. Күй өнері өте тамаша өнер. Әр шаңырақта бір домбыра ілулі тұруы керек. Домбыраны құрметтеу керек.

Қара домбыраның қос ішегінен төгілген күй – қазақтың жаны мен шежіресі. Ал оны өмірлік серігіне айналдырған ардагер өнерпаздар үшін мұндай фестиваль – өнер көрсету алаңы ғана емес, ұрпаққа өнеге қалдырудың жолы. Ұлы Динаның мұрасын ұлықтаған шараның да негізгі мәні осында.

Бөлісу