Басты Жаңалықтар Димаштың әлемдік турнесі: 7 елде 44 күн

Димаштың әлемдік турнесі: 7 елде 44 күн

Димаш Құдайбергеннің әлемдік турнесі Еуропадан Латын Америкасына ұласып, нағыз музыкалық мерекеге айналды. 18 қазанда Польшада басталған гастрольдік сапар Германия, Испания, Мексика, Колумбия мен Чилиде жалғасты. Бір сахнада мыңдаған дауыс, бір есімді қайталаған тұтас стадион! Қазақ әншісіне деген шетелдік жанкүйерлердің  ықыласын Самал Қабышева жеткізеді. 

Бұл - Чили астанасы Сантьягодағы Димаштың алғашқы концерті. Кешке деген қызығушылықтың жоғары болғаны сонша, билеттер алдын ала түгел сатылып кеткен. Santander Arena-ға жиналған мыңдаған көрермен қазақстандық өнер иесін ерекше ықыласпен қарсы алды. Бірі әншінің есімін хормен қайталаса, енді бірі оның әндерін бірге шырқады. Көрерменнің қошеметі толастамай, жанкүйерлер сүйікті әншісін сахнадан жібергісі келмеді.

Димаштың әлемдік турнесі 18 қазанда Польшада басталды. Одан кейін Германия, Испания, Мексика, Колумбия мен Чилиде жалғасты. Осылайша 7 елде өнер көрсетіп, Еуропа мен Латын Америкасын әнмен жалғады.

Әсіресе Мексикадағы концерттер ерекше есте қалды. Димаш бұл елдің бес қаласында өнер көрсетті. Мерида, Монтеррей, Гвадалахара қалаларындағы кездесулерден кейін Мехикода 19 және 20 қараша күндері қатарынан екі концерт берді. Екі кеште де көрерменнің қарасы қалың болды. Ал Чилидегі сапарынан кейін әнші Перуге табан тіреді. Әуежайдың өзінде жанкүйерлер қазақстандық әншіні ерекше құрметпен қарсы алды.

44 күн. 7 ел. Мыңдаған көрермен. Бұл - бір әншінің гастрольдік сапары ғана емес, қазақ өнерінің шекара асып, әлем жүрегіне жол тапқанының көрінісі. Енді Димаш 1 желтоқсанда Перу астанасы Лимада тындармандарымен жүздеспек. Қай елде болса да, оның әніне қосылып, есімін ұрандатқан жұрттың ықыласы ерекше. Бұл Димашқа, Димаш арқылы әлемге әсем әнмен әуелеген қазақтың тіліне қызығушылардың көбейіп келе жатқанын аңғартады.

Бөлісу