Басты Жаңалықтар «Томирис»: Ұлы дала тарихы сахна төрінде

«Томирис»: Ұлы дала тарихы сахна төрінде

Әлемдік премьера! Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында «Астана Опера» театры алғаш рет «Томирис» ұлттық балетін көпшілік назарына ұсынды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен сахналанған қойылым Томиристің бейнесі арқылы еркіндік пен елдік сынды құндылықтарды суреттейді.

Оқиға желісі біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырға, ұлы даланың тағдыры сынға түскен тарихи кезеңге жетелейді. Парсы патшасы Кирдің қалың қолы сақ жеріне басып кіріп, елге қауіп төндіреді.

Сақ патшайымы Томирис туған жерін қорғау үшін Спаргаписті аттандырады. Шығарманың өзегі де осында. Қойылым тек соғыс тарихын баяндаумен шектелмейді. Томирис тұлғасында елінің азаттығы үшін күрескен қайсар патшайымның болмысы мен ұлының тағдырына алаңдаған ананың жүрек толқынысы қатар өріледі.

Ермек Аманшаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург:

Ұлы даланың мыңжылдық тарихы Томирис сияқты тұлғалардан тұрады. Шын мәнінде, Томирис заманындағы геосаяси картада өз орны бар, өз жөні бар адам болған. Томирис тұлғасын жан-жақты адам ретінде, тұлға ретінде, әйел ретінде ашуға тырыстық.

Жаңа Конституцияның преамбуласында Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтау қағидаты айқын көрініс тапқан. «Томирис» қойылымы халқымыздың бай тарихы мен ұлттық құндылықтарын би өнері арқылы көрерменге жеткізеді.

Сұлтанбек Ғұмар, қоюшы хореограф:

Әлемдік премьера алғаш рет көрсетілді. Заманауи бағытта өзіміздің ұлттық аспаптарды қолдандық. Сазсырнай, сыбызғы, дабыл, домбыра деген секілді. Осы аспаптардың арқасында жан-жақты қырынан ашуға тырыстық.

«Томирис» – театрдың өз күшімен сахналанған алғашқы ұлттық балет. Қойылымды дипломатиялық корпус өкілдері, отандық және шетелдік мәдениет қайраткерлері мен өнер өкілдері тамашалады. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев шығармашылық топты премьерамен құттықтап, алғыс білдірді.

Бөлісу