Басты Жаңалықтар Энергетиктің әсері мен әлегі

Энергетиктің әсері мен әлегі

Бір бөтелке газдалған сусынның құрамында қанша қант бар екенін білесіз бе? Мәселен, жарты литр мына танымал сусында 53 грамм шекер бар. Бұл, мінеки, шамамен, 11 шақпақ рафинадқа тең. Энергетикалық сусындардың құрамында да көмірсу аз емес. Құтысының көлеміне қарай мына екі «сергіткіш» сусынның құрамында, шамамен, 7-8 шақпақ қанттан бар екен. Оған кофеин мен басқа да сергітетін заттарды қосыңыз. Олардың денсаулыққа әсері жайлы ойланып көрдіңіз бе? Күнделікті ішіп жүрген жұрт, тіпті күніне бірнеше бөтелкесін тауыспай тұра алмайтындар мұның зардабын біле бермейді-ау. Білсе де, тәтті сусынға тәуелділіктен, әлде әдеттен арылу оңай емес секілді.

Осыған алаңдаған «Әкелер одағы» Қазақстанда энергетиктер саудасын тоқтату керек деп дабыл қағып отыр. Өйткені мұндай сусындарды шамадан тыс көп ішкеннен жүрекке салмақ түсіп, қан қысымы көтерілуі мүмкін. Әсіресе, жас ағзаға төнетін қауіп орасан. Зияны мен салдары жиі айтылғанымен, бұл сусындардың саудасы неге қызып тұр?

Мамандар не дейді? Халықтың пікірі қандай? Нұрсұлтан Тілектес зерттеп көрді.

Бекдайыр Нығметұлы, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:

Энергетикалық сусындарды Қазақстанда өндіруге және сатуға толық тыйым салу жөнінде петиция жариялаймыз.

Айдос Сарым, ҚР Құрылтайының депутаты:

Айтуға оңай, бірақ істелуі өте қиын дүние...

Гүлмира Мұратбекқызы, кардиолог:

Қарапайым ғана энергетик. Бізге күш сыйлайтын сияқты. Бірақ жиналып келгенде асқынулары өте қорқынышты...

Жастардың көбі сергіткіш сусынға тәуелді. Кесірінен ашушаң, агрессивті және күйзеліс пен депрессияға тез түскіш.

Ұйқыашар деп энергетикке жіпсіз байланғандардың бірі Еркінбек. Жас жігіт тәтті сусынды күніне бірнеше рет ішетінін жасырмайды. Денсаулығы сыр беріп, сергектіктің кері әсері тиіп жатқанын білсе де, энергетикті құштарлықтан емес, мұқтаждықтан ішемін деп ақталады.

Еркінбек Сейтмағамбет, Шымкент қаласының тұрғыны:

Мен компьютермен жұмыс істеймін. Таңертеңнен кешке дейін компьютердің алдында отырамын. Содан кейін кешке таман такси болуға шығамын. Келесі күні ұйқым қанбайды, маужырап отырамын. Содан кейін энергетик ішемін. Ішіп жүргеніме 4-5 жылдай болып қалды. Ішпесем, тұра алмаймын. Әлсіреу басталады, ұйқы қанбайды...

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Көлемі шамамен 400 мл болатын кейбір энергетикалық сусындардың құрамында 100 грамға дейін қант болады. Бұл нормадан әлдеқайда жоғары. Оған кофеин және түрлі стимуляторларды қосыңыз. Олар уақытша энергия мен зейінділікті арттыруы мүмкін. Бірақ жиі тұтыну ұйқының бұзылуына, жүрек соғысының жиілеуіне, қан қысымының көтерілуіне әкеп соғады. Тіпті бедеулікке себеп болып жатады екен.

Сиқырлы сусынның зардабын көргендер туралы ресми ақпарат жоқтың қасы. Бірақ түрлі басылымдар мен институттар жүргізген сауалнамалардың нәтижесін көріп, жаға ұстайсың. Мәселен, HBSC зерттеуінің деректеріне сәйкес, Қазақстандағы 11 мен 15 жас аралығындағы балалардың 20 пайызы энергетикалық сусындарды апта сайын, ал 3 пайызы күн сайын ішетінін мойындаған. Ересектерді айтпаса да түсінікті.

Гүлмира Мұратбекқызы, кардиолог:

Бүгіннің өзінде таңнан бері 6 ер азамат болды. Жастары 25 пен 40-тың арасында. Ұзақ уақыт энергетик ішеді. Энергетикті олар не үшін ішеді? Олардың көбісінің мамандықтары – ұзақ жолға жүретін жүргізушілер, таксистер және түнгі уақытта жұмыс істейтін IT мамандары.

Алайда уақытша сергектіктің бағасы өте қымбат болуы мүмкін.

Гүлмира Мұратбекқызы, кардиолог:

10 жылға дейін өмір жасын қысқартады екен. Энергетиктердің ішінде қант көп қой, адам салмақ қосады. Әрбір келі салмақ адам өмірін бір жылға қысқартып отырады. Қант диабетіне шалдыққан адамдарда алдағы уақытта катаракта, глаукома болуы мүмкін, көз жанарынан немесе аяғынан айырылуы мүмкін.

Энергетиктердің зияны атүсті қарайтын мәселе емес дейді, «Әкелер одағының» мүшелері. Олардың ойынша, түйткілге қоғам мен мемлекет ерекше назар аударуы керек.

Бекдайыр Нығметұлы, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:

Бізді энергетикалық сусындарды тұрақты тұтынудың ұзақ мерзімді салдары қатты алаңдатады. Әңгіме бедеулік, қатерлі ісік, жас кезіндегі инфаркт және өмір сүру ұзақтығының қысқару қаупі туралы болып отыр.

Осылай деп арызын айтқан «Әкелер одағы» энергетиктерді өндіру, импорттау және сатуды тоқтату керек деп петиция жариялады. Бірақ депутаттар мұнымен келіспейді.

Айдос Сарым, ҚР Құрылтайының депутаты:

Нарық дейтін мәселе бар. Менің ойымша, ондай мәселелерді мәдениет арқылы, дұрыс тамақтану, дұрыс шынығу, спортпен айналысу, басқа да үгіт-насихат, тәрбиемен келетін дүниелер. Қарсы болатын себебім, қазір елімізде өңдеу өнеркәсібін дамытамыз деп тырысып жатырмыз. Бізде енді жеміс-жидек, басқасы бар, шығарып жатқан өніміміз бар. Соны өңдеудің бір түрі – осындай сусындар шығару.

Депутаттың пікірінше, энергетиктер саудасына тыйым салу көлеңкелі экономикаға жол ашады. Яғни, сусындар заңсыз айналым арқылы сатыла бастайды деп қорқор мен вейптерді мысалға алды. Сондай-ақ бұл әрекетімізбен енді өркендеп келе жатқан бизнестің тамырына балта шаппауға шақырды.

Айдос Сарым, ҚР Құрылтайының депутаты:

Қазір біз Денсаулық сақтау министрлігімен үлкен дауға келіп жатырмыз. Сіздер тыйым салумен емес, керісінше, нормалаумен мәселені шешуіңіз керек деп жатырмыз. Яғни, егер сусын болатын болса, оның құрамындағы энергетикалық коэффициенттер қанша болуы керек, қанттың құрамы қанша болуы керек, қанттың орнына қандай қоспаларды қосуға болады немесе болмайды деген сияқты мәселелер маңыздырақ.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Әлем елдері бұл мәселемен әртүрлі тәсілмен күресіп жатыр. Литва, Латвия, Польша және Норвегияда жас ерекшелігіне байланысты шектеулер қолданылады. Непалда энергетикалық сусындар импортына шектеу енгізілген. Ал Қырғызстанда келесі жылдан бастап энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу жоспарланған. «Әкелер одағы» Қазақстанға акцизді көтеру және жас ерекшелігіне қатысты шектеулермен ғана тоқтамай, нарықты реттеудің қатаңырақ үлгісін қарастыру қажет деп есептейді.

Ал энергетикалық сусындарға толық тыйым салу мәселесіне қатысты тұрғындардың пікірі қандай? Қоғам бұл бастаманы қолдай ма?

Энергетиктерге толық тыйым салу керек пе, әлде саудасын қатаң бақылауға алған жөн бе? Бұл сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр. Ал «Әкелер одағы» бастаған бастаманың Үкімет деңгейінде қаралуы үшін петиция 50 мың қол жинауы керек.

Бөлісу