Олжас Бектенов AlmatySuperSki курортын 2028 жылдың желтоқсанында іске қосуды тапсырды
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Kazakh Tourism Development Ltd. компаниясы директорлар кеңесінің отырысын өткізді.
Жиында Almaty SuperSki жобасын жүзеге асыру барысы қаралды. Kazakh Tourism Development Ltd. бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев құрылыс алаңындағы жұмыстар белсенді кезеңге өткенін және бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын баяндады.
Бүгінгі таңда PОМА француз компаниясымен бірлесіп, аспалы жолдардың іргетасын құю жұмыстары басталды. Сонымен қатар Almaty SuperSki жобасының жеке техникалық талаптарын ескере отырып, аспалы жолдардың жабдықтарын дайындау жұмыстары қатар жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыруға отандық компаниялар тартылуда. Атап айтқанда, Almaty SuperSki жобасы аясында 11 аспалы жол салатын POMA компаниясы әлеуетті жергілікті өндірушілерге бағалау жүргізді. Талдау қорытындысы бойынша аспалы жолдардың жекелеген құрылымдық элементтерін еуропалық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес өндіру үшін қазақстандық кәсіпорын іріктелді. Бұл тәсіл отандық өнеркәсіпте технологиялардың қажетті трансфертін қамтамасыз етіп, жаңа құзыреттер қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Директорлар кеңесі қызмет көрсету бойынша жарияланған ашық конкурстың нәтижелерін тыңдап, технологиялық және экономикалық көрсеткіштердің кең ауқымын саралады. Мәселен, Foster+Partners бюросы әзірлеген архитектуралық тұжырымдаманы жүзеге асыруға тарту үшін индустриядағы әлемдік көшбасшы саналатын келесідей компаниялар таңдалып алынды: Швейцариялық Blumer-Lehmann компаниясы жобаның Базалық және Жоғарғы стансалары ғимараттарының ағаш тірек конструкцияларын жобалауды, дайындауды, жеткізуді, монтаждауды техникалық сүйемелдеуді жүзеге асырады.
Даниялық Bjarke Ingels Group компаниясы 24 халықаралық компанияның арасында өткен байқау қорытындысы бойынша таудағы ауыл тұжырымдамасын әзірлеумен айналысатын болды. Бюроның ұсыныстарының ішіндегі басты артықшылықтарының бірі – Almaty SuperSki жобасы бойынша жұмысқа тау шаңғысы мастер-жоспарлары мен курорттардың үздік жобалаушыларының бірі саналатын, 46 елде 1 мыңнан астам жобаны жүзеге асырған және туристік инфрақұрылымды тау шаңғысы кешендеріне кедергісіз логистика мен ski-in/ski-out тұжырымдамасын құра отырып интеграциялау тәжірибесі бар канадалық Ecosign компаниясын қосу. Сондай-ақ Bjarke Ingels Group британдық сәулетшілер компаниясымен тығыз жұмыс жүргізілуде, олардың портфолиосында Финляндиядағы курорттық ауыл, Швейцария тауларындағы кешен, Даниядағы төбесінде шаңғы трассасы бар ғимарат сияқты бірегей жобалар бар.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр жоба үздік әлемдік стандарттар бойынша жүзеге асырылып жатқанын және туризмнің дамуына елеулі серпін беретінін атап өтті. Құрылыс жұмыстарының қарқынын жеделдету және курорттың 2028 жылдың желтоқсанында іске қосылуын қамтамасыз ету тапсырылды. Директорлар кеңесінің келесі отырысы екі аптадан кейін өтеді, онда тау шаңғысы курорты құрылысының барысы туралы жауапты тұлғалардың есептері тыңдалады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы